
Қазақстан — татулық пен достықтың ордасы
Кең байтақ қазақ жері — сан ғасырлар бойы түрлі ұлттар мен мәдениеттердің тоғысқан мекені. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан бейбіт өмір мен этносаралық келісімді басты құндылық ретінде ұстанып, көпұлтты қоғам қалыптастыруда зор табыстарға қол жеткізді. Бүгінде елімізді халықаралық қауымдастық бейбітшілік пен достықтың жарқын үлгісі ретінде мойындайды. Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналуы тарихи оқиғалармен тығыз байланысты. ХХ ғасырда Кеңес Одағының құрамында болған кезеңде елімізге әртүрлі себептермен түрлі этностар көшірілді. Саяси қуғын-сүргін, жер аудару, тың және тыңайған жерлерді игеру сияқты тарихи үдерістер нәтижесінде жүздеген мың адам Қазақстанға қоныстандырылды. Қазақ халқы сол бір қиын-қыстау шақтарда бауырмалдық танытып, өз нанын бөлісіп, қонақжайлылық пен кеңпейілділіктің биік үлгісін көрсетті. Бұл адамгершілік құндылықтар бүгінде халықтар арасындағы достық пен бірліктің негізіне айналды. 1995 жылы Ел Президентінің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы — елдегі ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды құрылым. Бұл ұйым түрлі этностардың тілін, мәдениетін сақтауға, сонымен бірге оларды біртұтас ұлт ретінде ұйыстыруға зор үлес қосып келеді. Этномәдени бірлестіктердің жанынан ашылған мәдени орталықтарда ұлттық дәстүрлер насихатталып, ана тілі үйретіліп, шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Қарағанды қаласы елдегі этностардың бейбіт өмірін айқын көрсететін мәдени әрі өндірістік орталықтардың бірі. Кеңес кезеңінде көмір өнеркәсібінің дамуына байланысты бұл аймаққа көптеген ұлт өкілдері көшіп келді. Бүгінде Қарағандыда қазақтармен қатар орыс, неміс, украин, татар, кәріс, беларусь, поляк және басқа да этностар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қалада әрбір этностың өз мәдени бірлестігі бар. Бұл ұйымдар ұлттық би мен музыка үйірмелерін ұйымдастырып, түрлі мерекелік іс-шаралар өткізеді. Мәселен, «Возрождение» неміс қоғамы, «Шалкар» татар-башқұрт бірлестігі және «Тан» кәріс мәдени орталығы — барлығы этносаралық татулықты нығайтуға және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге белсенді атсалысуда. Бұл орталықтар ұлттық ерекшеліктерді сақтаумен қатар, қазақстандық ортақ мәдениетті қалыптастыруға да қызмет етеді.