
Алматыда өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетті – олар бес жүлдені жеңіп алды. Командалық қоржынға екі алтын, екі күміс және бір қола медаль түсті.
Ел біріншілігіне барлығы 500-ге жуық дзюдошы қатысса, Қарағанды облысының намысын 23 спортшы қорғады.
Жекпе-жектер нәтижесінде Аида Тойшыбаева мен Шерхан Алтанов чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Күміс жүлделерге Дінасыл Таттымбек пен Ақжол Дүйсенбаев қол жеткізсе, қола медаль Диас Таңатханға бұйырды.
– Жарыс өте тартысты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген мықты қарсыластармен белдестік. Жалпы алғанда, біздің спортшылар жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Жаттықтырушы ретінде мен олардың өнеріне ризамын. Дегенмен, кейбір спортшылардан жоғары нәтиже күткен едік. Мәселен, Ақжол Дүйсенбаев алтын алады деп сенген болатынбыз. Бірақ спортта бәрі болуы мүмкін, – деді Қарағанды облысының жастар құрамасының бас бапкері Қайрат Жұмабек.
Жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысы екінші орынға ие болды. Ал чемпионат жеңімпаздары – үш алтын медаль еншілеген Түркістан облысының дзюдошылары.




