Хабар

Қазақстанға бақылаудың жаңа деңгейі қажет: ғалымдар неге радиоэкологиялық мониторингті күшейтуді ұсынып отыр

Қазақстан алғашқы атом электр станциясының құрылысына дайындалып жатқан кезде, ғалымдар тағы бір стратегиялық маңызды міндетті кейінге қалдырмауға шақырады. Ол шекара маңындағы аумақтарда заманауи радиоэкологиялық мониторинг жүйесін құру. Мамандардың пікірінше, дәл жаңа атом энергетикасы нысандары іске қосылғанға дейін жиналған деректер алдағы ондаған жыл бойы экологиялық ахуалды объективті бағалаудың негізіне айналады, деп хабарлайды novoetv.kz.

Ядролық физика институты бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Ермаковтың айтуынша, Орталық Азиядағы атом энергетикасының дамуы тек заманауи энергоблоктарды салумен шектелмеуі тиіс. Сонымен қатар тұрақты экологиялық бақылауға арналған сенімді ғылыми база қалыптастыру қажет.

Бүгінде өңірдің бірнеше мемлекеті атом энергетикасын дамыту жобаларын қолға алып отыр. Қазақстан өз АЭС-ін салу туралы шешім қабылдады, ал ұқсас бастамалар көршілес елдерде, соның ішінде Өзбекстанда да жүзеге асырылуда немесе дайындық кезеңінде.

Маманның айтуынша, мұндай жағдайда экологиялық және радиациялық қауіпсіздік мәселелері бір мемлекеттің шекарасымен шектелмейді.

«Шекара маңындағы аумақтардың радиоэкологиялық мониторингі жай ғана формалды рәсім емес, бұл ұлттық қауіпсіздіктің аса маңызды элементі».

Қазіргі атом электр станциялары халықаралық қауіпсіздік талаптарының ең жоғары стандарттарына сәйкес жобаланады. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экологиялық бақылау апаттардың орын алу ықтималдығына қарамастан тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Ауа массалары, су ағындары мен табиғи процестер мемлекеттік шекараларға бағынбайды. Сондықтан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) елдерге радиациялық ахуалды үздіксіз бақылау жүйелерін құруды ұсынады.

Неліктен зерттеулерді АЭС іске қосылғанға дейін жүргізу қажет?

Евгений Ермаковтың айтуынша, радиоэкологиялық зерттеулердің басты мақсаты ластануды іздеу емес, жаңа энергетикалық нысандар пайдалануға берілгенге дейін қоршаған ортаның табиғи жағдайын анықтау.

Мамандар мұндай көрсеткіштерді «базалық» немесе «нөлдік» радиациялық фон деп атайды. Дәл осы көрсеткіш кейінгі бақылау нәтижелерін салыстырудың бастапқы нүктесіне айналады.

«Қазіргі радиоэкологиялық зерттеулердің басты міндеті ластануды анықтау емес, жаңа энергетикалық нысандар пайдалануға берілгенге дейін қоршаған ортаның табиғи жай-күйін белгілеу».

Егер мұндай зерттеулер алдын ала жүргізілмесе, бірнеше жылдан кейін анықталған өзгерістердің жаңа кәсіпорындардың қызметінен туындағанын немесе олардың табиғатта бұрыннан болғанын дәл анықтау айтарлықтай қиын болады. Сондықтан дәл қазір болашақ экологиялық бақылау үшін сенімді ғылыми негіз қалыптастыру қажет.

Қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр және не жетіспейді?

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Ядролық физика институты Қарашығанақ мұнай-газ кен орнындағы ЛИРА нысандарында радиоэкологиялық мониторинг жүргізсе, Ұлттық ядролық орталық бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын зерттеп келеді.

Алайда қолданыстағы бақылау желісі негізінен ел ішіндегі жекелеген нысандарды бақылауға бағытталған.

Сарапшының айтуынша, шекара маңындағы аумақтар әзірге жеткілікті деңгейде зерттелмеген.

«Шекара маңындағы аудандарға келетін болсақ, бақылау нүктелерінің тығыздығы ықтимал өзгерістерді жан-жақты талдауға әлі де жеткіліксіз».

Қандай технологияларды қолдану ұсынылады?

Қазіргі радиоэкологиялық мониторингті дәстүрлі әдістермен ғана жүргізу мүмкін емес. Ғалымдар жоғары дәлдіктегі аналитикалық жабдықтарды пайдалана отырып, топырақты, суды, түптік шөгінділерді, өсімдіктерді және атмосфералық жауын-шашын құрамын кешенді зерттеуді ұсынады. Бұл табиғи және техногендік радионуклидтердің құрамын анықтауға, сондай-ақ қоршаған ортаның химиялық құрамын зерттеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ мамандар цифрлық технологияларды дамытуға ерекше назар аударуды ұсынады.

«Сонымен қатар үлкен аумақтарға жедел экологиялық баға беру үшін дрондарды пайдалану, деректерді онлайн режимде жинайтын станциялар құру, сондай-ақ алынған ақпаратты өңдеу барысында жасанды интеллектіні қолдану қажет».

Мұндай тәсіл ең аз өзгерістердің өзін жедел анықтауға, үлкен көлемдегі ақпаратты талдауға және мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл Қазақстан үшін неліктен маңызды?

Евгений Ермаковтың пікірінше, Қазақстан мұндай зерттеулерді жүргізуге қажетті барлық ғылыми әлеуетке ие. Елде заманауи аналитикалық зертханалар жұмыс істейді, сондай-ақ радиоэкология, радиохимия, ядролық физика және экологиялық мониторинг салаларында білікті мамандар бар.

Шекара маңындағы аумақтарды кешенді зерттеу қоршаған ортаның табиғи радиациялық және геохимиялық жай-күйі туралы объективті мәліметтер алуға, атом энергетикасын ұзақ мерзімді ғылыми сүйемелдеудің негізін қалыптастыруға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға және халықтың бейбіт атомға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Бүгін алынған базалық деректер алдағы ондаған жыл бойы экологиялық жағдайды объективті бағалаудың сенімді құралына айналады. Олар ықтимал өзгерістерді дер кезінде анықтауға, ғылыми негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға және халық пен қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Ғалымның айтуынша, сондықтан заманауи радиоэкологиялық мониторинг жүйесін құру Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңіріндегі атом энергетикасының тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс.

Статьи по теме

Back to top button