
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті.
Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.

Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.
– Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу, әлемдік жарыста жеңіске жету оңай емес. Білімге деген ұмтылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында осындай биікке шығып жатсыздар. Расында, дарынға ие болу, бұл – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Қазақстанның болашағы – жасампаз жастардың қолында екеніне назар аударып, ұл-қыздарымыз әрдайым үздіктер қатарынан табылатынын атап өтті.
– Жастарымыз жаһандық спорт және өнер додаларында жеңімпаз атанып, туымызды көкте желбіретіп жүр. Білім саласындағы беделіміз де артып келе жатыр. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Оның 200-ге жуығы – алтын, 300-ден астамы – күміс, ал 500-ге жуығы – қола медаль. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Тағы да қайталап айтамын, біз әлемдік жарыста ел намысын қорғаған әр жеңімпазды мақтан тұтамыз. Сіздерді еліміздің бетке ұстар, лайықты азаматтары деп санаймын. Болашақта да Қазақстанның одан әрі дамуына қомақты үлес қосатындарыңызға кәміл сенемін, – деді Президент.
Химиядан халықаралық олимпиадалардың екі мәрте жүлдегері Кирилл Ким:
«Мақсатым – оқуымды жалғастырып, жаңа биіктерді еңсеру және ел дамуына үлес қосу»
Былтыр шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Айару Алтынбектің арманы орындалып, Мемлекет басшысымен кездескен еді. Президент бүгін оның ағасы Ерасыл Алтынбекті марапаттады.

Биология пәнінен халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері Айғаным Балташова:
«Байқауымша, Қазақстан ғана оқушыларға осылай қолдау көрсетеді».
Мемлекет басшысы халықаралық жарыстарда топ жарып, алтын, күміс және қола медаль иеленген жастарға 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.




