
Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік мәселелеріне арналған Қауіпсіздік кеңесінің отырысына төрағалық етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында киберқауіпсіздік пен азаматтар үшін цифрлық ортаның қорғалу мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы өз жолдауында Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын еске салып, бұл бағытта ауқымды әрі кешенді жұмыстар жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Әсіресе, киберқауіпсіздік саласына ерекше назар аудару қажет.
Отырыс барысында заманауи киберқатерлер мен олармен күрес жолдары, маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, киберқауіпсіздік саласын дамыту және білікті кадрлар даярлау мәселелері талқыланды.
Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев баяндама жасады.
Президент киберқылмыстардың, соның ішінде алаяқтықтың алдын алуға ерекше мән беріп, бұл салада жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кеңейтуді тапсырды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтерді қорғаудың маңыздылығына тоқталып, дербес ақпаратты заңсыз таратқандарға қатысты жазаны қатаңдату қажеттігін айтты. Халық арасында цифрлық қауіпсіздік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру үшін түсіндіру және алдын алу шараларын күшейту керектігі де айтылды.
Жиын қорытындысында Президент стратегиялық тәуекелдерді төмендету және киберқауіпсіздік мәселелерін жүйелі шешу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.



