
Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше елдің елшілерінен сенім грамоталарын салтанатты түрде қабылдады.
Ақордада Қазақстан Президентіне сегіз елдің төтенше және өкілетті елшілері мен БҰҰ өкілі сенім грамоталарын табыс етті.
Сенім грамоталарын Украинадан Виктор Майко, БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Сарангоо Раднаарагчаа, Үндістан елшісі Я.К. Сайлас Тангал, Алжир елшісі Осман Михаджи, Швеция елшісі Ларс Стефан Эрикссон, Бельгиядан Эрик де Майер, Ұлыбритания елшісі Салли Джейн Аксуорси, Латвиядан Даце Рутка және Грузиядан Леван Диасамидзе тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясат ұстанатынын атап өтіп, Қазақстанның әріптестік пен өзара тиімді байланыстарға әрдайым ашық екенін айтты. Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған дипломаттар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге үлес қосады деген сенімін білдіріп, елшілерді дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтады. Сондай-ақ олардың ел басшыларына өзінің жылы лебізін жеткізуді сұрады.



