Новости

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа бірқатар нақты міндет жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады.

Кездесу барысында өңір басшысы Мемлекет басшысына Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.

Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, барлық негізгі бағыттарда тұрақты өсім байқалып отыр. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында өңірде 3,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларында өнім көлемі ұлғайған.

Сондай-ақ, негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 644,7 миллиард теңгені құрап, 11,1 пайызға артқан. Биыл 195 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 700-ден аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. 2030 жылға дейінгі кезеңде жалпы құны 4,5 триллион теңгеге бағаланған 120 ірі жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Бұл бастамалар 20 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығында импортқа тәуелділікті төмендету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны да айтылды. Әкімнің айтуынша, екі ірі тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын, бұл өңірдің сүтке деген сұранысын толық жабуға мүмкіндік береді.

Кездесуде Qarmet АҚ-ның қызметі туралы да ақпарат берілді. Компания өндірісті жаңғыртуға сегіз айда 110 миллиард теңге инвестиция салған. Осы кезеңде шойын өндіру көлемі 6 пайызға, болат – 6,9 пайызға, ал илемдеу – 5 пайызға артқан. Металлургиялық комбинатта бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда: жаңа коксты батареялар, құю-илемдеу кешені және сұрыптап илемдеу цехы іске қосылған. Сонымен қатар, кәсіпорын кезең-кезеңімен табиғи газға көшіп жатыр, алғашқы кезеңі толық аяқталған. Шахталарда көмір өндіру көлемі 15 пайызға өсіп, еңбек қауіпсіздігі шаралары күшейтілуде.

Кездесу қорытындысында Президент өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге, Тоқаев елді мекендер мен қалаларды тұрақты жылумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ Qarmet АҚ кәсіпорнындағы өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруды тапсырды.

Статьи по теме

Back to top button