Воскресенье, 17.10.2021

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

novoetv.kz оқырман назарына құттықтау мәтінін ұсынады.

Ардақты ағайын!

Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам.

Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі.

Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады.

Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады.

Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін.

Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!

Айттан айтқа аман-есен жете берейік!

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз етуді тапсырды.

«Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек. Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Автор: Корреспондент

Читайте также

«Темпов не снижайте» — Женис Касымбек о ремонте дороги в Майкудуке

Ремонт дороги в Майкудуке идет в две смены. Аким Карагандинской области Женис Касымбек поставил перед …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *