Қараша қаздар қайтқанда

Өңірде жыл құстарының санағы жүріп жатыр. Қазақстан биоалуан­түрлілікті сақтау қауымдастығы мен LIFE еуропалық комиссиясының «Қауіпсіз ұшу жолы» жобасы аясында атқарылып жатқан мониторинг шаралары барысында Науырзым қорығын жаздай мекен еткен қызыл кітапқа енген құстардың 9 түрі анықталған.

Санақ негізінен аңшылық шаруашылықтардың аумағында жүріп жатыр. ҚБСҚ мамандары бұл аумақтар арқылы шамамен неше жыл құсы ұшып өтетінін анықтаумен қатар, қо­рықшыларға қаз­дар мен қара­ша қаздардың сирек кездесетін қан­дай түрлері барын, аулауға рұқсат етілген қаз­дар­дан оларды қалай ажыртауға бола­тынын түсіндіруде.

Мониторинг барысында Қос­танай облысы Қамысты ауда­нындағы ірі суқоймаларына қонған қаз тұқымдас қанаттылардың 45-47,5 пайызы сирек кездесетін қызылжемсаулы қарашақаз бен шиқылдақ қаздар екені анықталған. Қорықшылар қызыл кітапқа енген құстардың көбеюі күзде заңсыз жортуылға шы­ғуды әдет еткен браконьерлердің жиілеп кетуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Мамандардың бұлайша алаңдауы әбден орынды, өйткені таяу­да ғана қы­зылжемсаулы қара­шақаз атуға шық­қан бірнеше браконьер ұсталды.

Мамандардың айтуынша, жыл құстарының жолында жатқан су қоймаларының жай-күйі де мәз емес. Биылғы жаз ыстық, топырақ құрамында ылғал аз бол­ған­дықтан, Қамысты және Науырзым аудан­да­рын­дағы көлдердің суы тартылып кеткен. Осы­лайша, жыл құстары тайыз көлдерге, түбіне көлшік тұнған шағын шұңқырлар мен тоғандарға қонуға мәжбүр болған.

Мұндай жағдайда олар аса қорғансыз болады. Көлдердің ке­буі қыста қардың, жазда жа­уын-ша­шын­ның аз мөлшерде түсуі­мен байланыс­ты. Алайда су қой­ма­ла­рының құрғай бастауына ауыл шаруашылығының да әсер етуі мүмкін. Соңғы жылдары жергілікті фермерлер егінді шектен тыс көп еге бастады. Ал егін алқаптары ері­ген қар суының қалыпты ағынына бөгет жасайды. Сол себептен осы аумақтағы біз бақылаған 14 су қой­­масының сегізі құрғап кеткен. Олар­дың көбі халықаралық маңы­зы бар негізгі орнитологиялық аумақ болып саналады, – дейді Қазақ­стан биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дас­тығының орнитолог-маманы Алек­сей Тимошенко.

Санақ барысында қызыл­жем­саулы қараша қаздан өзге Қос­танай облысы арқылы ұшып өтетін жыл құстарының 20 түрі анық­талған. Олардың ішінде ақбас қаз, аққу, үйрек, қасқалдақ сияқты қанаттылар бар.

Дереккөз: egemen.kz

Автор: Корреспондент

Читайте также

Қарағанды, Атырау және Сарыағашта диабет орталығы ашылады

Қазіргі таңда мұндай орталықтар Талдықорған, Өскемен, Орал және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Қазақстанда соңғы 15 …

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *