
Қарағандылық жастар жұмысшы мамандықтарға бет бұра бастады
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Қарағанды жастары техникалық және кәсіптік білім алуға саналы түрде ден қоя бастады. Қазіргі таңда бұл мамандықтар тек сұранысқа ие ғана емес, сонымен қатар өз беделін қайта қалпына келтіріп, жастарға кәсіби әрі жеке даму үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынуда.
Осы бағытта өңірдің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі — Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі — сапалы білім алып, еңбек нарығында жоғары бағаланатын мамандықтарды меңгеруге жол ашып отыр.
Колледжде студенттер 15 түрлі бағыт бойынша білім алады: сәулет, құрылыс, дәнекерлеу ісі, ландшафт және өнеркәсіптік дизайн, ақпараттық қауіпсіздік, жиһаз өндірісі сынды мамандықтар қамтылған.
Заманауи құралдармен жабдықталған шеберханалар мен зертханалар студенттердің дәнекерлеудің жоғары дәлдігіне, BIM жобалау сынды технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
— Қазіргі таңда жастар техникалық білімге қызығушылық танытып отыр. Біздің түлектердің 80–85%-ы оқу аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасады. Бұл — сұраныстың артқаны мен колледж мәртебесінің өскенінің айқын дәлелі. Биыл мемлекеттік тапсырыспен 390 студент қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 адамға артық, — дейді колледж директоры Әсел Сапарова.
Оқу орны инклюзивті білім беруді алғаш енгізгендердің бірі ретінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарға да мүмкіндік жасап отыр. Арнайы бейімделген бағдарламалар мен педагогикалық қолдау нәтижесінде бүгінде колледжде 82 студент арнайы бағыт бойынша білім алуда. Олар сондай-ақ «Дала Skills» сияқты кәсіби байқауларға да қатысып келеді.
Колледж дуальді оқыту жүйесін белсенді дамытып, өңірдің жетекші кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатқан. Бірінші курстан бастап студенттер өндірістік ортаға бейімделіп, заманауи жабдықтармен жұмыс істеу тәжірибесін жинайды. Серіктестер қатарында «ЦентрЭнергоМеханизация», Prof Invest, «Барусан Макина Қазақстан», Alina Group, «ЖАККО Караганда», «Сантехпласт» сынды ірі компаниялар бар.
Колледж түлектерінің жетістіктері – сапалы білімнің нәтижесі. Мәселен, Асанәлі Батыршин есімді түлек бүгінде жеке кәсібін жүргізіп, 25 адамнан тұратын бригадаға басшылық етеді. Ол мемлекеттік тапсырыстар аясында ішкі әрлеу жұмыстарын сәтті жүзеге асыруда.
— Колледж маған мықты негіз берді. Қазір мен тек құрылысшы ғана емес, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкермін, — дейді Асанәлі.
Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі — сәулетші, дәнекерлеуші, құрылысшы, дизайнер, электромонтажшы болуды мақсат еткен жастар үшін берік бастама. Ал олардың болашақ табысы — өз еңбегі мен талпынысына тікелей байланысты.

