Новости

Қарағандылық жүргізушілер енді жасанды интеллекттің көмегімен бос автотұрақтарды оңай таба алады

Қарағанды облысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып, түрлі салаларға енгізілуде. Өңірдің IT-мамандары әзірлеген жаңа жоба көлік жүргізушілеріне бейнебақылау камералары мен компьютерлік көру жүйесінің көмегімен бос тұрақ орындарын жедел әрі дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген цифрландыру міндеттерінің орындалу барысы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен жиында талқыланды. Кездесуге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төрағалық етті.

– Біз жаңа индустриялық дәуірге аяқ бастық, мұнда технология мен жасанды интеллект экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Бүгінде аймақтағы кәсіпорындарда цифрлық егіздер, техникалық көру жүйелері және автоматтандырылған алгоритмдер кеңінен енгізілуде. Мұндай шешімдер еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, экологиялық көрсеткіштерді жақсартады, шығындарды азайтады және өңірдің өнеркәсіптік тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті AI-Sana ұлттық бағдарламасының қатысушыларының қатарына енді. Бағдарлама жасанды интеллект, деректерді талдау, робототехника және цифрлық өндіріс салалары бойынша жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Жиында университеттің ғалымдары мен студенттері өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Олардың ішінде гидронысандарды бақылауға арналған дрондар, тау-кен қазбалары мен карьерлердің жағдайын қадағалау жүйелері, 3D-принтерлер және «ақылды қала» тұжырымдамасына негізделген шешімдер бар.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий Smart Region тұжырымдамасының іске асырылуы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жасанды интеллект жолдардың жағдайын бақылауға, бағдаршамдардың жұмысын оңтайландыруға және жасыл желектерді есепке алуға мүмкіндік береді.

– Қазіргі таңда біз автокөлік жүргізушілеріне арналған жаңа жүйені сынақтан өткізіп жатырмыз. Ол қалалық бейнекамералар арқылы бос тұрақ орындарын автоматты түрде анықтап, ақпаратты навигациялық қосымшаларға жібереді. Тестілеу барысында жоба өзінің тиімділігін толық дәлелдеді, – деді Константин Ильницкий.

Ол бұл жүйенің нақты жұмыс үлгісін теміржол вокзалы жанындағы автотұрақта көрсетті.

Сондай-ақ, білім беру процесіне цифрлық шешімдерді енгізу туралы ҚарТУ ректоры Сәуле Сағынтаева баяндама жасап, халықаралық сарапшы пікір білдірді, ал студенттер өз стартап-жобаларын ұсынды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде жасанды интеллектті дамыту жөніндегі аймақтық жоспар әзірлеуді және ғылым, бизнес пен өндіріс арасындағы серіктестікті нығайтуды тапсырды. Сонымен бірге, аймақ басшысы университет ұжымының бірнеше өкіліне ғылым мен инновацияны дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыстады.

Back to top button