
Қарағандылық суретшілер Ұлы даланың сырын қылқаламмен өрнектейді
«Алтын ғасыр» галереясында қарағандылық суретшілердің KEN DALA атты көрмесі ашылады. Экспозиция Ұлы дала кеңістігіндегі жылқының бейнесі мен оның адам өміріндегі айрықша орнына арналған.
Ғасырлар бойы жылқы көшпелі дала тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол адамға ұлан-ғайыр кеңістікті еңсеруге жол ашып, күнделікті тұрмыста да, алыс сапарларда да сенімді серік болды. Уақыт өте келе жылқы еркіндік пен қозғалыстың, дала өркениеті мен тарихи-мәдени жадының айшықты символына айналды.
Көрмеге қойылған туындыларда жылқы өзінің табиғи ортасында – ұлан-ғайыр дала төсінде, самал жел тербеген шөп арасында, көкжиекпен астасқан кеңістікте бейнеленеді. Суретшілердің әрқайсысы бұл тақырыпты өзіндік көркемдік шешімімен жеткізеді. Бірі балалық шақтан қалған естеліктерге үңілсе, енді бірі табиғаттың тынысын, туған өлкенің тарихын және дала болмысын өзінше зерделейді.
KEN DALA көрерменді заманауи қарағандылық суретшілердің көзімен Ұлы далаға жаңаша қарауға шақырады. Мұнда дала жай ғана табиғат көрінісі емес, сан ғасырлық тарихтың ізі қалған, қозғалыс пен тіршілік тынысы қатар сезілетін кеңістік ретінде көрініс табады.
Көрме 14 тамызда ашылып, 4 қыркүйекке дейін жалғасады.
Мекенжайы: Қарағанды қаласы, Комиссаров көшесі, 35а.




