НовостиСпорт

Қарағандылық шахматшы әлем чемпионатында үш жүлдені жеңіп алды

Үндістанның Гоа штатындағы Панаджи қаласында орналасқан Дона-Паула халықаралық орталығында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында шахматтан әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 15 елден 89 спортшы қатысып, Қазақстан атынан төрт шахматшы бақ сынады. Солардың қатарында болған қарағандылық 20 жастағы Әлімжан Аяпов үш бірдей жүлдені жеңіп алды.

— Блиц турнирінде «20 жасқа дейінгі» санатта Әлімжан тоғыз партиядан алты ұпай жинап, өткен жылғы чемпион — беларусьтік Михаил Денисенеге есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Рапидте де алты жеңіс, екі тең ойын және бір жеңіліспен тағы бір күміс медаль еншіледі. Ал классикалық шахмат бойынша тоғыз кездесудің жетеуінде жеңіске жетіп, ересектер арасындағы сайыста қола медальға қол жеткізді, — деді оның жаттықтырушысы Виктор Максименко.

Ресми емес командалық есепте Қазақстан құрамасы Ресей мен Үндістаннан кейін үшінші орынға тұрақтады. Жеті жүлденің — бес күміс пен екі қоланың — басым бөлігін еншілеген Әлімжан Аяпов бұл нәтижеге үлкен үлес қосты.

Back to top button