
Семей қаласында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы» атты республикалық айтыс өз мәресіне жетті. Додада елдің түкпір-түкпірінен келген 12 суырылып шыққан ақын бақ сынады. Олардың арасында «Алтын домбыра» иегерлері де бар.

Биылғы айтыстың бас жүлдесін қарағандылық Мақсат Ақанов жеңіп алып, автокөлік иесі атанды. Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, ақын бұл жүлдеге шеберлігі мен жоғары ұпайларының арқасында лайық деп танылған.
— Бұл марапат мен үшін аса қымбат. Тіпті «Алтын домбырадан» да жоғары бағалаймын. Өйткені бұл — Мұхаметжан ағамыздан кейін Қарағандыға келген алғашқы үлкен жеңіс, — деді Мақсат Ақанов.
Жүлдегерлер қатарында бірінші орын алған алматылық Рүстем Қайыртай, екінші орын иегерлері — Қостанайдан Айбек Қалиев пен Қызылордадан Мейірбек Сұлтанхан, ал үшінші орынға Оралдан Жансая Мусина мен Абай облысынан Әсем Ережеқызы ие болды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жерлес ақынын жеңісімен құттықтап, оның шығармашылығындағы руханият, патриотизм және қоғамдық құндылықтарды айрықша атап өтті.
— Бұл жеңіс — өңір абыройын асқақтатқан, жас буынға үлгі боларлық оқиға, — деді өңір басшысы.




