КультураНовости

Қарағандыдан барған оқушылар Республикалық «Жас жол инспекторлары» слетінде жүлделі екінші орынды жеңіп алды

Өскеменде Ғазиз Байтасов атындағы XX Республикалық «Жас жол инспекторлары» отрядтарының слеті өз мәресіне жетті. Қарағанды облысының намысын қорғаған №95 мектеп-гимназиясының командасы байрақты бәсекеде жүлделі екінші орынды иеленді.

Он күнге созылған шараға еліміздің барлық өңірінен 20 команда және Қырғызстаннан арнайы келген бір топ қатысты.

Слет барысында қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін сынап, қауіпсіздік мәдениетін насихаттады, велосипедпен жүру машықтарын көрсетті, жасанды жол қиылыстарында қозғалысты реттеді және апатты жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын паш етті.

– Балалар жыл бойы жүйелі дайындық жүргізді. Жарысқа бір апта қалғанда тек қайталау жұмыстары болды. Ең қиын кезең – «Жас эрудит» сайысы болды. Мұнда интернеттен де табыла бермейтін, тосын әрі күрделі сұрақтар қойылды. Мысалы, «үндістер километр сияқты өлшемдер шықпай тұрған кезде қашықтықты қалай есептеген?» деген сұраққа жауап беру керек болды. Олар қашықтықты тауықтың даусымен, оқтың ұшуымен немесе табиғи белгілермен өлшеген екен, – дейді №95 мектеп-гимназиясының Жол қозғалысы ережелері клубының жетекшісі Светлана Швачкина.

Оның айтуынша, ең қызықты әрі әсерлі бөлім – жас санитарлар байқауы болды. Сценарий бойынша жеті адам жол-көлік оқиғасына түсіп, түрлі жарақат алады. Қатысушылар оларға естен тану, тыныс тоқтауы, шок және сынық жағдайларында алғашқы көмек көрсету шеберліктерін көрсетті.

Барлық сайыс нәтижесі бойынша Қарағанды командасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Сонымен қатар, түрлі номинациялар бойынша да жүлделерге ие болды.

Жетекшілері Светлана Швачкина да марапаттан тыс қалмады – білім беру ұйымдары қызметкерлері арасындағы «Ашық үзіліс» номинациясында үшінші орынды иеленді.

– Әрине, басты мақсат – бірінші орын алу болды. Бірақ бәрі ойдағыдай бола бермейді. Дегенмен балалар барын салып, өздерін жоғары деңгейде көрсетті. Нәтижемізге ризамыз, – деді команда жетекшісі.

Back to top button