
Қарағандыда жергілікті шаруалар бағаны тұрақтандыруға өз үлестерін қосуда
Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде жақында ашылған әлеуметтік павильон тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Мұнда жергілікті шаруалар ұсынған балғын ет, сүт өнімдері мен көкөніс-жемістер делдалсыз және үстеме бағасыз саудаланады.
Шет ауданынан күн сайын 500–700 келі ет жеткізіледі, ал кешке дейін барлығы сатылып кетеді. Сөрелерде еттен бөлек, сүт тағамдары, көкөністер, жеміс-жидектер және бакалея өнімдері ұсынылған.
Сатып алушылар өнім сапасының жоғары, ал бағасының базармен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді екенін атап өтуде.
– Үйіміз осы маңда орналасқан. Әлеуметтік павильонның ашылғаны біз үшін өте ыңғайлы болды. Ашылған күннен бастап отбасымызбен осында келіп жүрміз. Жақында ет сатып алдық, бүгін қант алуға келдік. Бағасы да, сапасы да көңілден шығады, – дейді қала тұрғыны Виктор Лазгиев.
Бұл бастама бағаны тұрақтандырумен қатар, жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған. Фермерлердің айтуынша, делдалсыз сату жүйесі шаруашылықты кеңейтуге, мал басын көбейту мен техника жаңартуға жол ашуда.
Павильон меңгерушісі Болат Тәкішевтің айтуынша, сиыр мен жылқы еті күн сайын жаңа сойылып жеткізіледі. Қазіргі таңда тәулігіне 700 келі ет сатылады, алдағы уақытта бұл көлем ұлғайтылмақ.
– Бұл павильон облыс әкімінің тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында салынды. Шет ауданы әкімдігімен және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен келісім жасалды. Фермерлерге барлық жағдай жасалды: жалдау ақысы жоқ, коммуналдық қызметтер тегін, – деп атап өтті Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев.
Мұндай әлеуметтік павильондар алдағы уақытта Майқұдықтағы 14-шағынауданда және Бирюзов көшесінде де ашылады. Сонымен қатар, қалада тағы бірнеше осындай сауда орны іске қосылмақ.
Бағаны тұрақтандыруға тұрақтандыру қоры да өз үлесін қосуда. Қазір оның қоймаларында шамамен 390 тонна азық-түлік (күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, қант) сақтаулы. Жақын арада бұл қор қосымша өніммен толықтырылады.
– Қазіргі таңда жолда 129 мың литр өсімдік майы бар. Сонымен қатар, 203 тонна қант жеткізілуде. Қарақұмық пен күрішке байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Барлық өнім – отандық өндірушілерден: қант – Тараздан, май – Шығыс Қазақстаннан, қарақұмық – Павлодар мен Қостанай облыстарынан, – деді «Сарыарқа» ӘКК тұрақтандыру қорының директоры Елтай Ыбраев.
Супермаркеттер мен әлеуметтік павильондарға әлеуметтік бағада нан мен тауық жұмыртқасы да жеткізіліп жатыр. Қажет болған жағдайда қор арзан бағамен нарыққа тауарлық интервенция жасауға дайын.
Сонымен қатар, маусымаралық кезеңде картоп пен көкөніс бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін қор алдын ала қамдануда. Өңірдің ірі шаруашылықтарымен 19 мың тонна өнімге форвардтық келісімшарттар жасалған. Фермерлер бұл өнімді өз қоймаларында сақтап, сұраныс болған жағдайда бірден жеткізе алады.
