Хабар

Қарағандыда жас кәсіпкерлерге тың жобасы үшін бір миллион теңгеден табысталды

Дәруменмен байытылған құрт, қарт адамдарға серік болатын робот, су бетін мұнай қалдықтарынан тазартуға арналған сорбент, табиғи аң терісінен тігілген бұйымдар. Бір қарағанда, бұлар мектеп оқушыларының ізденісінен туған шағын жобалар сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олардың әрқайсысы болашақта жеке кәсіпке айналуы ықтимал тың бастама. Қарағандыда мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы бизнес-идеялар байқауының қорытындысы шығарылып, үздік төрт жобаның авторына оларды одан әрі дамыту үшін бір миллион теңгеден табысталды.

Байқауды Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отыр. Биыл оған қатысуға 96 өтінім түскен. Сарапшылар іріктеуінен кейін 61 жоба ақтық кезеңге өтті. Қатысушылар өз әзірлемелерін бірнеше бағыт бойынша ұсынды. Олардың қатарында агроөнеркәсіп кешені мен өнім өңдеу, жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар, экология, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі бар.

Агроөнеркәсіп бағыты бойынша әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназиясының оқушысы Інжу Төлегеннің жобасы үздік деп танылды. Ол қазақтың дәстүрлі тағамы – құрттың тағамдық құндылығын арттырып, құрамын пайдалы дәрумендермен байытуды мақсат еткен. Осылайша, табиғи сиыр сүтіне сәбіз бен қызылша шырынын қосып, дәруменге бай құрттың жаңа рецептурасын әзірлеген.

Жас кәсіпкердің пайымдауынша, көкөніс шырындары өнімнің дәрумендік құрамын байытып қана қоймай, қышқылдық деңгейін төмендетуге де ықпал етеді. Байқауда жеңіп алған бір миллион теңгеге ол құртты кептіруге және дайын өнімді вакуумдық қаптамаға салуға арналған жабдық сатып алуды жоспарлап отыр.

Технология бағыты бойынша Ә. Ермеков атындағы мектеп-кешенінің оқушылары әзірлеген NEMO жобасы жеңімпаз атанды. Бұл – егде жастағы адамдарға күнделікті тұрмыста көмек көрсетіп, әңгімелесетін автономды робот.

NEMO адаммен тілдесіп, алдыңғы әңгімелердің мазмұнын есте сақтай алады, сұрақтарға жауап беріп, маңызды ақпаратты еске салады.

Датчиктер мен лидардың көмегімен айналасын бағдарлап, үй ішінде өздігінен қозғалады. Егер жүйе қауіпті жағдайды байқаса, қарт адамның туыстарына немесе шұғыл қызметтерге хабарлама жібере алады.

Жас әзірлеушілер роботтың жұмыс істейтін алғашқы үлгісін жасап үлгерген. Оны команда мүшелерінің бірінің әжесінің үйінде сынақтан өткізіп, алғашқы нәтижелеріне көз жеткізген.

– Бұл жай ғана тұжырымдама немесе макет емес, бізде қазірдің өзінде жұмыс істейтін прототип бар. Жасанды интеллектінің көмегімен робот адаммен сөйлесіп, алдыңғы әңгімелердің мазмұнын есте сақтайды, сұрақтарға жауап береді және маңызды ақпаратты еске салады. Негізгі функцияларын сынақтан өткізіп, құрылғының қарт адамдардың күнделікті өмірінде шын мәнінде пайдалы көмекші бола алатынына көз жеткіздік, – дейді жоба авторларының бірі Жахангир Аушақманов.

Тағы бір жоба экологиялық өзекті мәселелердің бірі – су айдындарының мұнаймен ластануын азайтуға арналған. Бұл бағытта Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Лука Долидзе жеңімпаз атанды. Ол Андрей Лучермен бірге су бетіндегі мұнай дақтарын анықтап, тазартуға арналған жүйе әзірлеген.

Жоба ұшқышсыз ұшу аппараты, камера және компьютерлік көру технологиясын біріктіреді. Арнайы жүйемен жабдықталған аппарат су бетіндегі мұнай дақтарының шекарасын анықтап, ластанған аумаққа EcoSorb сорбентін нысаналы түрде шашады.

Ал сорбентті Лука үгінді, бұтақ пен жапырақтан алынған биокөмірге целлюлоза мен перлит қосу арқылы өзі дайындайды.

Әзірге оқушылар жүйенің шағын үлгісін сынақтан өткізген. Ендігі мақсат – құрылымын жетілдіріп, нақты жағдайда пайдалануға жарайтын қуатты прототип жасау.

Байқаудың ең жас жеңімпазы – әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның жетінші сынып оқушысы, 12 жастағы Альмира Қабденова. Ол өңдеу өнеркәсібі бағыты бойынша табиғи теріні илеу және одан аң терісінен бұйымдар жасау жобасын таныстырған.

Альмира ата кәсіптің бірі – тері өңдеу өнерін меңгеріп жүр. Қазірдің өзінде қоян терісін өз бетінше илеп, өңдей алады. Алдағы уақытта түлкі терісі мен қой терісін өңдеуді де үйренбек. Бір қызығы, тері илеу – жас кәсіпкердің бизнеске айналдыруды көздеген алғашқы ісі емес.

Сегіз жасынан бастап тот баспайтын болаттан ұлттық әшекейлер жасап, кеудеше мен ұлттық киімдер тігеді. Өз қолынан шыққан бұйымдарын жәрмеңкелер мен көрмелерге де шығарып жүр.

– Өзімнің төл өнімімді жасағым келеді. Оның отандық, жылы әрі киюге жайлы болғанын қалаймын. Мен бұйымдарды дайын күйінде сатып алмаймын, материалды өзім өңдеп, әр жұмысыма бар ықыласымды саламын. Болашақта өзгелердің тапсырысы бойынша тері өңдеумен ғана шектелмей, өзімнің жеке бұйымдарымды шығарғым келеді, – дейді Альмира.

Төрт жобаның әрқайсысы жас буынның ізденімпаздығын, жаңашылдыққа құштарлығын және өз идеясын нақты іске айналдыруға деген талпынысын аңғартады. Олардың авторлары ғылым мен технологияны, дәстүрлі қолөнерді ұштастыра отырып, қоғамға қажет өнім ұсынуға ұмтылып отыр.

Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты

Статьи по теме

Back to top button