
Қарағандыда «Жас құтқарушы» кадет сыныбы ашылды
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған «30 қайырымды іс» эстафетасы аясында Қарағанды қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте «Жас құтқарушы» атты жаңа кадет сыныбы өз жұмысын бастады.
Жаңа бастама оқушыларға төтенше жағдайлар кезінде – өрт немесе судағы апаттарда – өзін қалай ұстау керектігін, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін, құтқару құралдарын пайдалану ережелерін үйретуге бағытталған. Бұл бағдарлама балалардың жауапкершілігін арттырып, оларды кез келген қиын жағдайда көмек көрсетуге дайындайды.
Ашылу рәсімінде 8-сыныптың 20 оқушысы кадет антын қабылдап, арнайы куәліктерге ие болды. Жаңа сынып заманауи жиһазбен, оқу құрал-жабдықтарымен, техникалық және әдістемелік материалдармен, сондай-ақ құтқару мен өрт сөндіруге арналған жабдықтармен толық қамтылған.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып:
– «Жас құтқарушы» сыныбының ашылуы – бұл тек қауіпсіздікті арттыру ғана емес, сондай-ақ болашаққа жасалған маңызды инвестиция. Бұл балалар ертең біреудің өмірін аман алып қалуы әбден мүмкін, – деді.
Сондай-ақ шара аясында оқушылар үшін өрт сөндіру техникасының көрмесі мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

