
Қарағандыда жаңа тынығу аумағы ашылады

Қарағандыда Үлкен Бұқпа өзенінің арнасын қалпына келтіру және Орталық саябақтағы көлдерді тазарту жұмыстары жалғасуда. Жоба толық аяқталған соң, су айдындары тазартылған сумен толтырылып, олардың экологиялық жағдайы жақсарып, бұл аумақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы демалыс орнына айналмақ.
Өткен жылы өзеннің негізгі арналары мен сол жақ тармағы тазартылып, плиталар мен қарау люктері жаңартылған болатын. Бұл шаралардың алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде байқалып отыр. Биыл бірінші көлге қосылатын тазарту қондырғылары салынып жатыр. Олар арқылы көлдер бір-бірімен құбыр жүйесі арқылы байланысып, тұрақты су айналымы қамтамасыз етіледі.
Бастапқыда жоба тек көктемгі тасқын кезінде ғана жұмыс істейтін қысымсыз жүйені қарастырған болатын. Бірақ, жаз-күз айларында да су деңгейін ұстап тұру мақсатында сорғы жүйесін енгізіп, тазарту нысандарын көлдерге жақын орналастыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, жылы мезгілдерде су қорын толықтыру үшін көл маңында арнайы ұңғымалар бұрғылануда.
Жуырда бірінші көл механикалық жолмен балдырлардан тазартылып, экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін бензин мен дизельмен жүретін қайықтарға тыйым салынды. Енді тек электрмоторлы, ескекті қайықтар мен катамарандарға рұқсат берілді.
— Үлкен көлдегі жұмыстар толығымен аяқталды. Соңғы екі жыл ішінде мұнда 90 мың шабақ жіберілді. Олар жаңа ортаға бейімделіп, судағы балдырларды табиғи жолмен азайтып жатыр. Енді екінші және үшінші көлдерді тазартуға көшеміз. Қыс түскен соң үшінші көл механикалық жолмен тазартылады. Ал келесі жылы бұл жерге субұрқақ орнату жоспарланып отыр, — деді қала әкімі Мейрам Кожухов. — Екінші көлді тазалап, оны хайуанаттар бағының қамқорлығына береміз. Жазда мұнда су құстары қоныстандырылады.
Қаланың тағы бір тартымды демалыс аймағы — «Көгілдір тоғандар» аумағы болмақ.
— Мұндағы басты міндет — көгалдандыру және аумақты заманауи сәулет нысандары, ландшафттық шешімдер мен арт-объектілер арқылы безендіру, — деді қала басшысы.
Көркейту жұмыстары тұрғын аудан жағында ғана жүргізіліп, қарсы беттегі жағалауда әдеттегі балық аулау мүмкіндігі сақталады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманы қолдай отырып, табиғи биобаланс сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
— Саябақты артық коммерциялық нысандарсыз, тұрғындарға арналған шынайы демалыс орнына айналдыру — басты міндет. Біз экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған жобаларды қолдаймыз және Қарағандыда осындай демалыс аймақтарының көбейгенін қалаймыз, — деді облыс басшысы.
