Новости

Қарағандыда жаңа демалыс аймақтары ашылып, тұрғындар табиғатты қорғауға шақырылуда

Қарағанды орман шаруашылығында экотуризмді дамыту мақсатында жаңа демалыс аймақтары ашылуда. Мұнда демалуға арналған инфрақұрылым жасақталып, орман алқаптары қалпына келтіріліп жатыр. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін күшейту де басты назарда. Пришахтинск орман екпелерінде арнайы рекреациялық жоба қолға алынған. Бұл бастама қала тұрғындарына табиғат аясында жайлы әрі тегін демалу мүмкіндігін ұсынады.

– Қазіргі таңда табиғат аясында демалуға арналған жабдықталған орындар өте аз, – дейді Қарағанды орман шаруашылығының табиғатты пайдалану мен қорғау бөлімінің директоры Мақсат Мұқанов. – Біз қала тұрғындарына орманда қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда уақыт өткізуге жағдай жасағымыз келеді: серуендеу, пикник жасау, саңырауқұлақ теру – бәрі де табиғи тепе-теңдікті бұзбай жүзеге асуы тиіс.

«Бүркіт» кафесінен бастап «Борусан Макина» компаниясының аумағына дейін созылған 309 гектар аумақта орман тазартылып, демалушыларға арналған күркелер, орындықтар мен пикник үстелдері орнатылды. Сондай-ақ, демалу ережелері жазылған ақпараттық тақталар қойылған. Жоба 2026 жылға дейін толық жүзеге асады.

– Былтыр біз орманның біраз бөлігін қураған ағаштардан тазарттық, – дейді Мұқанов. – Қазір бұл жұмыстар жалғасып жатыр: жасы 50 жылдан асқан қарағаш пен үйеңкі сияқты ағаштар кесілуде. Олар қазір құрғап, өрт шығу қаупін арттырып, жас қарағайлардың өсуіне кедергі келтіруде.

Қауіпсіздік шараларының алғашқы кезеңі – қураған ағаштарды жою. Бұдан бөлек, орманшы күн сайын аумақты тексеріп, апта сайын арнайы рейдтер жүргізіледі. Тұрғындарға орман ішінде от жағуға тыйым салынғаны үнемі ескертіліп отырады.

Демалыс орындарын абаттандыру – бұл кешенді жұмыстың бір бөлігі ғана. Негізгі мақсат – жасыл аймақтарды қайта қалпына келтіру. Қазіргі таңда өрттен зардап шеккен Кирзавод-3 және 4 аудандарында қарағай отырғызу жұмыстары екінші жыл қатарынан жалғасуда. Ал басқа учаскелерде ағаштарды сирету арқылы олардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасалуда.

Орман шаруашылығы қызметкерлері тұрғындардың табиғатта демалу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр.

Статьи по теме

Back to top button