НовостиСпорт

Қарағандыда заманауи футбол манежі іске қосылды

Қарағанды облысында бұқаралық және балалар спортын дамыту бағытындағы жұмыс қарқынды жалғасуда. Соның айқын дәлелі – жеке инвестиция есебінен салынған жаңа «Аманат» спорт-сауықтыру кешенінің ашылуы. Бұл заманауи кешен барлық талаптарға сай жабдықталған және жыл бойы футболмен айналысуға толық мүмкіндік береді.

Инвестордың бұл бастамасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар Президент ұстанып отырған саясатты нақты қолдаудың бір мысалы.

— Бүгін Қарағанды облысына маңызды әрі аса қажет нысан тарту етілді – жаңа «Аманат» спорт кешені ашылды. Бұл – ерекше спорттық құрылым. Оның басты артықшылығы — УЕФА талаптарына сай футзал алаңы мен жоғары сапалы жасанды жабыны бар футбол манежі. Бұл жерде тек республикалық емес, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар. Осындай заманауи кешенді іске қосқан «AMANAT СПОРТ КЕШЕНІ» ЖШС-іне алғыс білдіреміз! – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашылу салтанатында.

Ол сондай-ақ Президенттің бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын, мемлекет басшысы Жолдауда легионерлерге тәуелділікті азайту мен спорт инфрақұрылымына инвестиция тартудың маңызын атап өткенін еске салды. Бұл тұрғыда қарағандылық кәсіпкерлердің бастамаларды қолдауы қуантарлық жағдай екенін жеткізді. Әсіресе футзал өңірде кең танымал – оны түрлі жастағы тұрғындар белсенді түрде серік етеді.

Кешеннің құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Бұл – компанияның Қарағандыда іске қосып отырған үшінші спорттық нысаны.

— «Қарағанды» футзал клубы осы кешенде тұрақты жаттығатын болады. Бұл база футболмен үздіксіз айналысуға жағдай жасайды, – деді Қарағанды облыстық әуесқой футбол лигасының вице-президенті Бақтияр Бекмұрзаев. — Қазірдің өзінде алғашқы ресми ойындар өтіп жатыр. Атап айтқанда, ҚР футзал чемпионаты аясында «Қарағанды» мен «Жетісу» командалары кездесуде.

Жаңа алаңда Премьер-лига матчтары, балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстар, әуесқой командалар бәсекелері мен оқу-жаттығу жиындары өткізу жоспарланып отыр.

Бұл кешеннің ашылуы кәсіби футзалдың дамуына, бұқаралық спортты кеңінен таратуға және жас спортшыларды тәрбиелеуге жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Статьи по теме

Back to top button