НовостиСоциальные темы

Қарағандыда тау-кен құтқарушылар көпсайысының финалы өтті

Қарағандыда Республикалық орталық штабтың кәсіби әскери-жедел-құтқару қызметтерінің жергілікті филиалы ұйымдастырған жыл сайынғы тау-кен құтқару көпсайысының финалдық кезеңдері өтті. Жарысқа Қарағанды мен Шахтинсктен келген бес команда қатысты.

Байқау командалық және жеке кезеңдерден тұрды. Құтқарушылар апат аймағын барлау, зардап шеккендерге көмек көрсету, өрт сөндіру, сондай-ақ арнайы эстафета кезінде түрлі тапсырмаларды орындады.

«Барлау» кезеңінде респираторлармен жабдықталған құтқарушылар шартты апат орнында «зардап шеккендерді» тауып, эвакуациялады.
Өрт сөндіру бөлімінде гидранттар арқылы су, көбік және ұнтақ заттарды пайдаланып, жалынды сөндірді.

Эстафетада қатысушыларға гір көтеру, құжат толтыру, ағаш кесу, дөңгелек ауыстыру, жүк көтеру және «жаралыны» тасымалдау секілді түрлі тапсырмалар ұсынылды.

Жеке есепте респираторшылар Р-30 аппаратындағы ақауларды анықтаса, жүргізушілер ПАЗ автобусымен жол ережелері мен жүргізу шеберлігін көрсетті.

— Басты міндет — барлық кезеңдерді тез және дәл орындау. Жеңімпаздар уақыт пен айып ұпайларының негізінде анықталды, — деді филиал басшысының орынбасары Геннадий Силинский.

Нәтижесінде командалық бірінші орынды Қарағандыдан Шыңғыс Мамбеталиевтің тобы жеңіп алды. Екінші орын да Қарағанды командасына (капитан Антон Чеботарёв) бұйырса, үшінші орынды Шахтинск қаласының командасы (жетекшісі Анатолий Воденников) иеленді.

Жекелей есепте үздік тау-кен құтқарушы — Әсет Жақан, ал үздік жүргізуші — Игорь Шерстов деп танылды.

Back to top button