
Қарағандыда орталық электр қосалқы стансасының қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Қарағандыда 110 кВ «Қарағанды» тораптық қосалқы стансасын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бұл – өңірдегі ең көне энергетикалық нысандардың бірі, ол Қарағанды, Теміртау және Саран қалаларын электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Энергетикалық инфрақұрылым нысандарын аралау барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев стансада атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда нысанның жаңғырту деңгейі 70 пайызға жеткен. Қуаттылығы 40 МВА болатын екі трансформатор орнатылып, заманауи тарату құрылғылары іске қосылған. Бұл қадам аймақтағы электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, төтенше жағдайлар кезінде жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
– Қарағандыда шамамен 40 қосалқы станса бар. Олардың ішінде бұл станса – стратегиялық маңызы бар нысан. 1948 жылы салынған станса техникалық жағынан ескіріп, шұғыл жаңартуды қажет етті. Қайта құру жұмыстары аймақтың энергетикалық әлеуетін ұлғайтып, жаңа өндіріс орындары мен тұрғын үйлерді желіге қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бір жылу электр орталығында ақау болған жағдайда, жүктеме автоматты түрде басқа стансаларға бөлініп, жүйенің тұрақтылығы сақталады, – деді жоғары вольтты желілер бойынша техникалық директордың орынбасары Алексей Бочарников.
Облыс басшысына, сонымен қатар, ЖЭО-1 мен ЖЭО-3 нысандарындағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәлімет берілді.
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов «Оазис» шағын ауданында жаңа жылу желілері, сорғы стансасы және орталық жылу тарату пунктін салу жобасымен танысты. Құрылыс жұмыстары 78 пайызға орындалған, жобаның толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
Қала тұтынушыларының 80 пайызын жылумен қамтитын Қарағанды ЖЭО-3-те қазір шыңдық жылытқыштарды орнату аяқталуға жақын. Бұл жабдық қыс мезгілінде жылу тасығыштың температурасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазан айына дейін ЖЭО-1 және ЖЭО-3 стансаларында бес қазандық пен үш турбина, жалпы саны 26 негізгі құрылғы жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда станса қоймаларында 400 мың тоннадан астам көмір қоры бар, бұл бір ай үздіксіз жұмыс істеуге жеткілікті.
– ЖЭО-3 бойынша жүзеге асып жатқан үшінші жылу беру бағыты қалада жылуға деген сұраныстың артуын өтеуге мүмкіндік береді, – деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жылу маусымына дайындық барысы белгіленген кестеден кешікпеуі керектігін қадап айтты. Оның айтуынша, барлық қажетті материалдар мен жабдықтар толық жеткізілмейінше, құбырларды ауыстыру немесе дәнекерлеу жұмыстарын бастауға жол берілмейді. Әкім энергетика саласының өкілдеріне тұрғындарға үздіксіз жылу және жарық беруді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берді.
