
Қарағандыда ерекше және көпбалалы аналарға арналған цифрлық сауаттылық курсы басталады.
Қарағанды қаласында көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға арналған жаңа әлеуметтік жоба қолға алынбақ. Бұл бастама олардың цифрлық сауаттылығын арттырып, жеке даму мен бала тәрбиесіндегі қиындықтарды жеңуге қолдау көрсетуді көздейді.
Курс аясында қатысушыларға компьютерлік бағдарламаларды қолдану негіздері, жасанды интеллектпен жұмыс істеу тәсілдері, сондай-ақ құжаттар, кестелер және презентациялар жасау үйретіледі. Сонымен қатар Zoom және Google Meet платформаларында жұмыс істеу, ChatGPT-ді күнделікті өмір мен жұмыста пайдалану мүмкіндіктері де қарастырылады. Бағдарлама киберқауіпсіздік, медиасауаттылық және онлайн-банкинг бойынша дәрістермен толықтырылған.
Жобаның авторлары – SANA жобасының негізін қалаушы Гүлия Жәңгірова мен QIYAL жобасының авторы, digital-маркетолог Асемнұр Бижанова.
– Бұған дейін мен мұқтаж аналарға азық-түлік пен мектепке қажетті киімдермен көмектесіп жүрдім. Бірақ уақыт өте келе оларға дайын көмек бермей, өз мүмкіндіктерін іске асыруға жол ашу керек екенін түсіндім. Сөйтіп осындай курсты қолға алдым. Бұл жай ғана цифрлық сауат ашу емес, сонымен қатар коучингтік тәсілдер мен мамандардың кеңесі арқылы жан-жақты даму мүмкіндігі. Қазірдің өзінде 300-ге жуық әйел осы курстан өтіп, тұрақты жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартып отыр, – дейді Гүлия Жәңгірова.
Курс 20–27 қыркүйек аралығында өтеді және толықтай тегін. Сабақтар онлайн форматта ұйымдастырылып, әрқайсысы шамамен 1,5 сағатқа созылады.
Қатысуға өтінім беру үшін мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады:
+7-705-782-54-21 (Гүлия),
+7-777-484-56-39 (Динара).

