
Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелердің жылыту маусымына дайындығы бақылаудан өтуде.
Жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл аса уақыт қалды. Осыған байланысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала әкімдігі мен коммуналдық қызметтерге тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және кәсіпорындарды жылумен уақтылы әрі тұрақты қамтамасыз етуді тапсырды.
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, қазіргі таңда көпқабатты үйлерді жылыту маусымына дайындау белсенді түрде жүргізілуде. 2500-ден астам нысанның 75 пайызына дайындық актілері берілген. Ерекше назар күрделі жөндеуді қажет ететін 115 үйге аударылып отыр, бұл үйлердегі жұмыстар 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, 164 үйде ағымдағы жөндеу жүргізілген. Тағы бір өзекті мәселе – жылу жүйесі тұйықталған 152 үй, олар да бақылауда. Әлеуметтік нысандарға қатысты мониторинг апта сайын жүргізілуде.
Кеңес барысында Шахтер кентін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жайы да сөз болды. Облыс әкімі бұл жұмыстар белгіленген мерзімде толық аяқталып, жылу қабылдауы тиіс барлық үйлердің қамтылуын қатаң тапсырды.
Жылу желілерін жаңарту бағытында да жұмыс жалғасуда: жоспарланған 23,6 шақырымның 16 шақырымы жаңартылып үлгерді. Қазір «Соединительная» және «I кезек» магистральдарының реконструкциясы жүріп жатыр. М2 магистралінің «Ақжолтай» мұз айдынынан Комиссаров көшесіне дейінгі бөлігі аяқталған. Қазіргі таңда облыстық мұрағатқа дейін құбыр тарту, дәнекерлеу, тіректер орнату мен сорғы стансасындағы жұмыстар жалғасуда.
Бұдан бөлек, 20 шақырымдық су құбыры мен 3 шақырымдық кәріз жүйесіне жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар «Тариф орнына инвестиция» бағдарламасы және бюджет қаражаты есебінен іске асуда. Нәтижесінде су жүйесінің тозуы 59 пайызға, ал кәріз желілерінің тозуы 82 пайызға дейін төмендеген.
Сонымен бірге, «Қарағанды Жарық» пен «Қарағанды Энергосаласы» ұйымдары электр желілерін, қосалқы стансалар мен тарату пункттерін жөндеуде. Жұмыстар бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр және жылыту маусымына дейін аяқталуы тиіс.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дайындық аяқталуға жақын екенін атап өтті. Алайда бақылауды күшейтіп, артта қалған жұмыстарды жеделдету қажет екенін ескертті. Қала басшысына 20 қыркүйекке дейін барлық жоспарланған шараларды аяқтау міндеттелді. Коммуналдық мекемелерге – жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, ал әлеуметтік нысандарға – жөндеу жұмыстарын аяқтап, отын қорын толықтыру тапсырылды. Сонымен қатар, ТКШ-ны жаңғырту орталығына Шахтер кентіндегі үйлерді жылу жүйесіне қосуды қамтамасыз ету жүктелді. Бұл мәселе ерекше бақылауда болады.




