
Қарағандыда грек мәдени орталығының 30 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Қарағанды облысы тағы бір мәрте түрлі мәдениеттердің басын қосатын маңызды алаңға айналды. Мұнда екі күн бойы жалғасатын республикалық грек мәдениетінің фестивалі өз бастауын алды. Қарағандыдағы грек мәдени орталығы – PONTOS-тың 30 жылдық мерейтойы ел үшін ерекше тарихи күн – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен қатар келіп отыр. Бұл – еліміздегі ұлтаралық татулық пен достықтың, өзара құрметтің нақты көрінісі.
Мерейтойлық іс-шара Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген грек этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени орталықтардың басшылары, жастар мен ардагерлер қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Қазақстандағы Грекияның төтенше және өкілетті елшісі Эфталия Какиопуло, сондай-ақ Қазақстан гректер қауымдастығы «Филия» ұйымының төрағасы Иван Георгиади болды.
Іс-шараны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жүргізді. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этностар арасындағы келісімді нығайтып, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікке кең жол ашып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, әр ұлттың мәдениеті – елдің рухани байлығының ажырамас бөлшегі. Бұл – тарихи шындық.
Фестиваль барысында қатысушылар PONTOS орталығының білім беру және әлеуметтік жобаларға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Отыз жыл ішінде бұл орталық тек ана тілін, дәстүрі мен мәдениетін үйретіп қана қоймай, жастарға Отанға деген сүйіспеншілікті дарытатын рухани мектепке айналды, – деді Марат Әзілханов.
Өз кезегінде, Грекияның елшісі Эфталия Какиопуло бұл орталықты Қазақстан мен Грекия арасындағы достықтың символы деп атап, оның тіл мен дәстүрді сақтау жолындағы еңбегін жоғары бағалады.
Аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген грек диаспорасының өкілдері де назардан тыс қалмады. Мысалы, кәсіпкер Иван Георгиади туған қаласы Теміртаудың дамуына үлес қосып жүр. Білім саласында – философ, ғалым Иван Папондопуло, медицинада – хирург Анастас Касапиди сияқты есімдер кеңінен танымал.
Этносаралық татулықты нығайтуға атсалысқан белсенділер мен қоғам қайраткерлері арнайы марапаттарға ие болды.
Фестиваль Теміртау мәдениет сарайында өтетін салтанатты концертпен аяқталады.




