
Қарағандыда өткен баспасөз конференциясында боксшылардың әлемдік ареналардағы соңғы жетістіктері атап өтілді. Шахтинск қаласынан шыққан Сабыржан Аққалықов Әлем кубогында алтын жүлде алып, Қазақстанның болашағы зор спортшыларының бірі екенін дәлелдеді. Аида Әбікеева аталған турнирде қола жүлдені жеңіп алды. Ал Милана Сафронова сегіз жыл үзілістен кейін кәсіпқой боксқа оралып, Түркияда өткен жарыста екі дүркін әлем чемпионын жеңіп, жарқын жеңіспен көзге түсті.
– Қарағандылық боксшылардың бұл жеңістері аймақ спортының дамуына серпін беріп, жаңа белестерге жетелейді. Астанада өткен World Boxing аясындағы Әлем кубогының кезеңі Қазақстан үшін оңайға соқпады. 30 елден 300-ден аса спортшы қатысқан додада ұлттық құрама 16 медаль еншіледі – 8 алтын, және жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Бұл жетістікке қарағандылықтардың да қосқан үлесі зор, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев.
Жиын барысында Астанадағы турнир қыркүйекте Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі болғаны атап өтілді. Демалыс аз – спортшыларды алда қызу жаттығу күтеді.
Сабыржан Аққалықов финалда болгариялық Рами Киванды айқын басымдықпен жеңіп, 75 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Ол 11 жасынан бастап бокспен айналысады, бапкері – Александр Насибуллин.
– Біз Шахтинскіде жертөледен бастап, бүгін чемпиондыққа жеттік. Жеңіске жету үшін көп еңбек еттік. Финалда Олимпиада қатысушысымен кездесіп, жаттықтырушыммен нақты тактика жасап, нәтижеге қол жеткіздік. Мен үшін ең қуаныштысы – анам жекпе-жектерімді көріп, қолдау білдірді, – деді Сабыржан.
Аида Әбікеева да жас кезінен спортқа ден қойған. Әуелде футболмен шұғылданса, кейін боксқа бет бұрған. Астанадағы турнирде 65 келіде өнер көрсеткен ол жартылай финалда Олимпиада чемпионы Бусеназ Сюрменелиге жол беріп, қола медаль иеленді. Дегенмен, ол бұл нәтижемен шектелмейтінін айтты.
– Жеңісті мақсат еттім, бірақ сәл жетпей қалды. Қателіктермен жұмыс істеп, физикалық дайындықты арттырып, келесі әлем чемпионатына тыңғылықты дайындаламын. Алдағы үш жылда Олимпиадаға жолдама алу – басты мақсат, – деді спортшы.

Милана Сафронова кәсіпқой рингке қайта оралып, түрік жерінде әлем чемпионын жеңді. Оның айтуынша, жанкүйерлердің қолдауы – басты шабыт көзі.
– Ел намысын қорғау – үлкен жауапкершілік. Сол сәтте қобалжу жайына қалып, тек жеңіске ұмтыласың, – деп бөлісті ол әсерімен.




