
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарағанды облыстық филиалында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қорытындысы шығарылды. Он жартылай финалисттің ішінен үздік үш қатысушы жеңімпаз атанды.
Бұл жоба бойынша көрме биыл маусым айында Қарағандыда ұйымдастырылған еді. Оған облыстың 60-қа жуық кәсіпкері қатысып, жергілікті шикізаттан дайындалған түрлі өнімдерін ұсынды. Көрмеде сүт өнімдері, керамика, киім-кешек, киіз және былғарыдан жасалған бұйымдар, биогумус және басқа да тауарлар таныстырылды.
Көрме нәтижесінде он кәсіпкер жартылай финалға шықты. Тамыз айының соңында олар өз жобаларын бренд-комитет алдында қорғады. Осы қорғаныс нәтижесінде финалға үш кәсіпкер өтті: Қарқаралыдан Арайлым Қыстаубай, Қарағандыдан Дәмелі Ермекова және Шет ауданы Жарық кентінен Жанар Қаңтарбаева.
Арайлым Қыстаубай жүннен бұйымдар жасаумен айналысады. Дәмелі Ермекова – дәстүрлі қазақ өнері мектебі QazynaSchool-дың негізін қалаушы, ол қыздар мен әйелдерге ұлттық кесте, тігін және қолөнердің басқа да дәстүрлі түрлерін үйретеді. Сондай-ақ этностильдегі қолөнер жиынтықтарының өзіндік желісін де шығарған. Жанар Қаңтарбаева «Fresh Cheese» брендімен жергілікті фермерлерден алынған сүттен құрт, май және түрлі крафт ірімшіктерін өндіреді. Оның өнімдері қатарында халлуми, качотта, моцарелла, рикотта, чечил, қаймаөты және голланд ірімшіктері бар.
Бұл үш финалист Қарағанды облысының атынан республикалық деңгейдегі байқауларға қатысады. Олар облыс әкімінің гранттық байқауларына қатысып, республикалық және халықаралық көрмелерге шақырылу мүмкіндігіне ие болады. Бұл кәсіпкерлерге шетелдік нарыққа шығу жолдарын ашады.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Фариза Аулбаева атап өткендей, жартылай финалға шыққан кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды. Оларға да кеңес беріліп, қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар олар әлеуметтік кәсіпкерлермен бірге облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастыратын гранттық байқауларға қатыса алады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының идеясы алғаш рет 1970-жылдары Жапонияда пайда болды. Жергілікті шикізатты пайдалану арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында ел үкіметі осындай шешім қабылдаған. Бүгінде бұл жоба әлемнің 30 елінде, оның ішінде Қазақстанда да табысты жүзеге асырылып келеді.




