
Қарағандыда ашық алаңда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады
12 тамызда Қарағанды қаласының Орталық саябағында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. Іс-шара жұмыс іздеп жүргендерге, тәжірибе жинауға ниетті жастарға және жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға қызығушылық білдіретіндерге арналған. Бұл – жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, өз мүмкіндіктерін көрсетуге таптырмас мүмкіндік.
Жәрмеңкеде қатысушылар түрлі компаниялар мен мекемелердің өкілдерімен кездесіп, ұсынылып отырған өзекті бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат ала алады. Ұсынылатын қызметтер ресми еңбек шартын, тұрақты жалақыны және әлеуметтік кепілдіктерді қамтиды.
Шара барысында еңбек нарығы саласының мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, пайдалы кеңестер береді. Қатысушылар «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас» және «Алтын жас» сияқты өңірлік жобалар жайлы жан-жақты мәліметке қаныға алады. Сонымен қатар, қоғамдық және әлеуметтік жұмысқа қатысу шарттары да түсіндіріледі.
Жәрмеңке аясында ерекше көңіл студенттер мен жаңа түлектерге бөлінеді — олар үшін кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндіктері ұсынылады.
Іс-шара Жастар күніне және Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылып отыр. Басталуы — сағат 16:00-де.
Жәрмеңкенің ұйымдастырушысы — Қарағанды облыстық Еңбек мобильділігі орталығы.
Байланыс нөмірлері: 60-50-50, WhatsApp: 8-775-644-35-80.




