НовостиСоциальные темы

Қарағандыда құқықтық сауаттылық пен есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өтті

Қарағанды қаласында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында азаматтардың құқықтық білімін арттыру және жастар арасында есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Таир» сауда қалашығы аумағында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған ауқымды құқықтық жәрмеңке өтті. Қоғамдық қабылдау форматындағы бұл шарада азаматтар полицияның түрлі қызмет бағыттары бойынша кәсіби кеңестер алды.

Жәрмеңкеге криминалдық полиция, есірткі және киберқылмысқа қарсы бөлімдер, көші-қон, әкімшілік және жергілікті полиция қызметі, сондай-ақ кадрлық бөлім өкілдері қатысты. Келушілер көлік құралдарын тіркеу мен қайта жабдықтау, жүргізуші куәлігін рәсімдеу, жеке бас құжаттарын алу сияқты маңызды мәселелер бойынша мамандардан нақты жауаптар алды.

Сонымен қатар, құқықтық кеңестермен бірге, ішкі істер органдарына қызметке орналасуға қатысты ақпарат берілді. Кадр бөлімінің мамандары жұмысқа қабылдану тәртібі, талаптар, бейінді білім мен мансаптық даму мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты мәлімет ұсынды.

— Азаматтардың құқықтық білімге деген қызығушылығы қуантады. Бұл халық пен полиция арасындағы сенімді арттырып, өзара түсіністіктің артуына ықпал етеді, — деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті насихаттау мақсатында Жастар ресурстық орталығы мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары арасында кездесу өтті. Іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бақытжан Мұстафаев пен кинологиялық қызмет өкілдері қатысты.

Кездесуде жастарға есірткі заттарының ағзаға зияны, олардың заңсыз айналымына қарсы заманауи әдістер мен құқықтық жауапкершілік туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сондай-ақ нашақорлыққа тартудың алдын алу шаралары кеңінен түсіндірілді.

— Қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің саны артып келеді. Олар иіссіз әрі көзге байқалмайды, бірақ өте қауіпті. Сондықтан жастарға бұл туралы ашық айту керек. Әр адам өзінің де, қоғамның да болашағы үшін заңды сақтау мен денсаулықты қорғауға жауапты болуы тиіс, — деп атап өтті Бақытжан Мұстафаев.

Аталған шаралар Қарағандыда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі саналады.

Back to top button