
Қарағанды облысында өткен «Абай әлемі» байқауы өңірдегі әртүрлі этностардың өкілдерін бір ортаға тоғыстырды. Шығармашылық сайыс Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.
Қатысушылардың пікірінше, бұл байқау Абайдың бай рухани мұрасын тереңірек түсінуге, сондай-ақ қазақ халқының мәдениетіне деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыруға зор мүмкіндік берген.
Сайыс үш бағыт бойынша өтті:
-
хормен ән айту,
-
жеке вокал,
-
Абай шығармаларын көркем оқу.
Қазылар алқасы өнерпаздардың дайындығының жоғары деңгейін, сахнада өзін ұстау мәдениеті мен орындау шеберлігін ерекше атап өтті. Жеңімпаздарды анықтау оңай болмағанын да жеткізді.
Нәтижесінде:
-
Хор орындау номинациясында Теміртау қаласындағы «Берегиня» орыс этномәдени орталығы үздік деп танылды.
-
Жеке ән айтуда Бұқар жырау ауданынан Лариса Сәбитова топ жарды.
-
Көркем оқу аталымында Қарағанды қаласының тұрғыны Елизавета Седышева бірінші орынды жеңіп алды.
— Бұл байқау тек жаңа таланттарды ғана танытып қойған жоқ, сонымен қатар Абайдың Отанға деген сүйіспеншілік, ізгілік пен білімге ұмтылу туралы өсиеттерін тағы бір еске салды, — деді жеңімпаз Лариса Сәбитова.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушылар естелік сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды.




