Новости

Қарағанды – жаңа ғылыми-білім орталығы: Бөкетов университеті ұлттық мәртебе алды.

Қазақстан ғылымы мен жоғары білімінің даму жолында маңызды оқиға тіркелді — Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 12 тамыздағы Жарлығымен ұлттық зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл – өңірдегі алғашқы жоғары оқу орнына берілген осындай деңгейдегі атақ. Қазіргі таңда республикада ұлттық мәртебеге ие 18 университет бар.

Аталған мәртебеге орай ұйымдастырылған салтанатты шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Мәжіліс депутаттары мен университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Жаңа мәртебе университетке академиялық еркіндік пен ғылыми дербестік береді. Бұл жетекші ғалымдарды тартуға, қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықаралық аренада университеттің беделін арттыруға жол ашады.

– Ұлттық мәртебе – тарихи жетістік. Енді университет өз оқу бағдарламаларын дербес әзірлеп, үздік мамандарды шақыра алады. Сонымен қатар жаңа зертханалар ашу мен өнеркәсіптік жобаларды іске қосу мүмкіндігі артады. Мұның барлығы дарынды жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Саясат Нұрбек.

Министр сондай-ақ Қарағандыда әлемнің үздік 200 ЖОО-сының бірі – Ұлыбританияның Эксетер университетінің филиалын ашу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. Бұл – кен ісіне маманданған шетелдік жалғыз университет, сондықтан өңір үшін ерекше маңызды.

Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев университет ұжымын құттықтап, бұл жетістік көпжылдық еңбектің, сапалы білім мен жоғары ғылыми әлеуеттің нәтижесі екенін атап өтті. Ол Қарағандыны ғылым мен білімнің орталығына айналдыру — ортақ мақсат екенін айтты.

Айта кетерлігі, ұлттық мәртебе оқу орнының негізін қалаған ректор, академик Евней Бөкетовтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

— Осы оқу орнының түлегі әрі облыс тумасы ретінде бұл жаңалыққа қуаныштымын. Бұл – оқытушылар мен қызметкерлердің ерен еңбегінің нәтижесі, – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Іс-шара аясында қатысушылар Евней Бөкетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Қазір университетте 14 мыңнан астам студент, магистрант және докторант білім алуда. 12 факультетте 200-ге жуық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Бөкетов университеті еліміздегі жетекші көпсалалы оқу орындарының қатарында.

Back to top button