
Қарағанды тұрғындарына «Ауыл береке» жәрмеңкесі аясында 120 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылды
Қарағанды облысының жеті ауданынан келген 90-нан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі «Ауыл береке – 2025» атты күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 120 тоннадан астам өнім ұсынды. Жәрмеңкеде тауарлар нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылды.
Дәстүрлі шара биыл да Global City сауда-ойын-сауық орталығының аумағында ұйымдастырылды.
Жәрмеңке аясында өңірдің ауыл шаруашылығы және тауар өндірушілері сатып алушыларға 52,2 тонна ет, 25 тонна картоп, 7 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімдері, 4 тонна балық пен балық өнімдері, 175 мың дана тауық жұмыртқасы және 10 тоннадан астам басқа да азық-түлік түрлерін ұсынды.
Қарағанды қаласында келесі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 27 қыркүйек, 4 және 18 қазан, сондай-ақ 1 қараша күндері өтеді.
Күз мезгілінде тұрақты түрде ұйымдастырылатын «Ауыл береке» жәрмеңкесі жергілікті өндірушілерді қолдауға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.




