
Қарағанды студенттерін ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруға үйретуде
Қарағанды студенттерін ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруға үйретуде
Қарағандыда дрон операторларын даярлау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару курстары Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында және Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университетте ұйымдастырылған.

Қазіргі таңда дрондар жедел қызметтерге қылмыстарды ашу, жоғалған адамдарды іздестіру, сондай-ақ жолдар мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті бақылау сияқты маңызды міндеттерде кеңінен қолданылуда.
Оқу үдерісі Қарағанды академиясының базасындағы заманауи зертханада өтеді. Мұнда бір мезетте 250-ге дейін тыңдаушы білім ала алады. Сонымен қатар, Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университеттің әскери кафедрасында тағы 35 курсант ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгеріп жатыр.
Курс өткен жылдың 1 қыркүйегінде басталған. Бағдарламаға сәйкес оқу мерзімі бір жылдан екі жылға дейін созылады.

— Дайындық кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: теориядан бастап нақты жағдайға барынша жақын практикалық жаттығуларға дейін. Алдымен ұшқышсыз ұшу аппараттарының құрылысы мен жұмыс істеу принциптері оқытылады, кейін арнайы тренажерларда дайындық жүргізіледі. Практикалық бөлім 15 автоматтандырылған жұмыс орны бар оқу сыныбында өтеді, мұнда RadioMaster басқару пульттері қолданылады. Сонымен қатар Uncrashed, Liftoff, VelociDrone, DRL, DCL сияқты симуляторлар пайдаланылады, — деді арнайы әскерлердің жауынгерлік қолдану циклі кафедрасының бастығы, запастағы подполковник Марат Істимесов.
Теориялық дайындықтан кейін курсанттар практикалық жаттығуларға көшеді. Алдымен жабық полигонда, кейін ашық алаңда оқу-жаттығу ұшулары өткізіледі. Болашақ мамандарға барлау жүргізу және күрделі қалалық ортада дрон басқару дағдылары үйретіледі.

Сағынов атындағы университетте ұшқышсыз ұшу аппараттарының байланыс жүйелерімен жұмыс істеу бағыттары да оқытылуда. Бұл — дрондарды басқарудың қорғалған әрі баламалы технологиялары. Олар жоғары энергетикалық немесе радиоизотоптық қуат көздерін, сондай-ақ кванттық байланыс принциптерін қолдануы мүмкін. Мұндай жүйелер интернетсіз-ақ радиоарналар арқылы бейнесигнал жіберуге мүмкіндік береді.
Биыл университет базасында ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру зертханасын ашу жоспарланып отыр.
Дереккөз: Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты



