
Қарағанды облысының мектептерінде жаңа бастамалар қолға алынады.
Жаңа оқу жылында Қарағанды облысының мектептері бірқатар жаңа бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Олардың ішінде ең маңыздысы – «Адал Азамат» бірыңғай тәрбиелік бағдарламасын енгізу. Бұл туралы педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясында жарияланды.
Алдағы оқу жылынан бастап өңірдегі барлық білім беру ұйымдары бірыңғай визуалды стильге көшпек. Мұндай қадам тәрбие жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыруға және оның тиімділігін арттыруға бағытталған.
– «Адал Азамат» бағдарламасының мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық пен адамгершілік секілді негізгі құндылықтарды қалыптастыру. Бұл бағдарлама мектептердегі тәрбиелік жұмысты біріздендіретін негізге айналады, – деді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы вице-президенті Анар Тәңірбергенова. Оның айтуынша, әрбір мектеп жыл сайын құндылықтарға негізделген жеке оқу-тәрбие жоспарын жасақтап, мектептің безендірілуінен бастап, негізгі қағидаттарды жеткізу тәсілдерін айқындайтын болады. Мектептің дәліздері мен сынып бөлмелері бірыңғай дизайн-кодпен безендіріледі.
Тәрбиелік бағыттағы жұмыс бұрыннан жүзеге асып келе жатқан жобалармен жалғасын табады. Мысалы, өңір мектептерінде ұлттық рух пен патриоттық сезімді дәріптейтін «Ізгілікті азамат» бағдарламасы іске асуда. Сонымен бірге, ата-аналармен серіктестікке негізделген 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, педагогикалық қолдау орталықтары мен ата-аналардың тәрбие саласындағы сауаттылығын арттыруға арналған «Даналық мектебі» клубтары жұмыс істеуде.
Мектептерде қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға да басымдық берілуде. Келесі оқу жылынан бастап буллингтің алдын алу мақсатында «Дос болайық» бағдарламасы енгізіледі. Бұл үшін мұғалімдер мен мектеп психологтары арнайы оқудан өтіп, бағдарламаны тәжірибеде қолданатын болады.
Қыркүйек айында қосымша білім беруге арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырыс пилоттық режимде іске қосылады. Бұл жоба балалардың үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігін арттыруға, сондай-ақ бюджет қаржысының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Майқұдықта Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын, ал осы ауданда тағы бір жаңа нысан бой көтермек. Сонымен қатар, Қарқаралыда да балаларға арналған жаңа сарай салу жоспарланып отыр.
Оқушылардың зияткерлік, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту бағытында да бастамалар қолға алынған. Мәселен, «Шахмат білім беруде» жобасы аясында қатысушы мектептер саны соңғы үш жылда 5-тен 69-ға дейін өскен.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев салауатты өмір салтын қалыптастыруды мектептен бастау керектігін атап өтті. Оның бастамасымен жаңа оқу жылында облыстың 10 мектебінде футбол сабақтары енгізіледі. Бұл жоба облыстық футбол қауымдастығымен бірлесіп іске асырылады.
Экологиялық тәрбиелеу де назардан тыс қалмайды. Қарағанды қаласындағы №12 және №33 мектептер мен Абай атындағы гимназияда «Жасыл мектеп» жобасы жүзеге асырылады. Бұл бастама аясында экосыныптар ашылып, мектеп аумағы көгалдандырылады.
– Біздің басты мақсатымыз – әр балаға өз әлеуетін ашуға, денсаулығын нығайтуға және өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға жағдай жасау. Тәрбиелік жұмыс білім жүйесінің барлық деңгейінде басты бағыт болып қалуы тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.




