
Қарағанды облысының экономика басқармасын жаңа басшы басқаратын болды
Қарағанды облысының экономика басқармасының басшысы қызметіне Дулат Кәрімұлы Әшкенов тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат жиналысында мәлім етті.
Дулат Әшкенов – Қарағанды қаласының тумасы. Ол екі жоғары білімге ие: Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «көлік, көліктік техника және технология» мамандығы бойынша және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Мемлекеттік қызмет саласында 14 жылдан астам еңбек өтілі бар. Әр жылдары ол Қарағанды облысында жол-көлік инфрақұрылымы мен жолаушылар тасымалын дамытуға қатысты мемлекеттік құрылымдарда қызмет атқарған. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында Есіл ауданы әкімінің аппаратында, қалалық ортаны қалпына келтіру басқармасында, сондай-ақ активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасында түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. Кейін Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасында басшының орынбасары қызметін атқарып, 2024 жылдың мамыр айынан бастап осы мекемені басқарған.