
Қарағанды облысының екі мұғалімі «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздары атанды.
Қазақстанда «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының нәтижелері жарияланды. Биыл еліміздің әр өңірінен 64 мұғалім бұл құрметті атаққа ие болды. Олардың қатарында Қарағанды облысының ұстаздары да бар. Жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 4 млн теңге) тең сыйақы берілді.
Қарағандылық мұғалімдер өз шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, байқау лауреаттары:
-
Гүлжан Әлібаева – Шет ауданының Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер;
-
Меруерт Қабылова – Қарағанды жоғары «Bolashaq» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші.
Астанада өткен марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға сыйлықтарды ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тапсырды. Биылғы байқау үш кезеңнен тұрды: аудандық, облыстық және республикалық, ал бәсекелестік жоғары деңгейде болды.
Республикалық байқаудың іріктеу кезеңіне шамамен 1500 педагог қатысып, олардың жартысы облыстық кезеңге өтті. Финалға 174 қатысушы жолдама алып, соның ішінен үздіктер анықталды.
– Әлі де ерекше әсерде болдым. Еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын. Астанада халықаралық университеттің педагогикалық колледжінде ашық сабақ өткіздім, – дейді Меруерт Қабылова. – Білім саласында 22 жылдан астам жұмыс істеймін: оның 10 жылын мектепте, соңғы 12 жылын «Bolashaq» колледжінде өткіздім. Қазір тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытамын. Республикалық деңгейде қорғаған әдістемелік құралым бар, педагогикалық идеяларым халықаралық жәрмеңкеде үшінші орын алды. Студенттерім республикалық байқауларда үздік 100-дікке кіріп, жүлделі орындар жеңіп алды.
«Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
