Хабар

Қарағанды облысының ауылдарында модульдік ФАП-тар салынады

Қарағанды облысында ауылда медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға баса назар аударылады. Ауыл тұрғындарына қызмет көрсету үшін модульдік фельдшерлік-акушерлік пункттер салу бойынша жоба әзірленді.

Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.

“Облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек оны қолжетімді әрі сапалы ету үшін дәйекті түрде дамып келеді. Ол үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін қоса алғанда, барлық тәсілдерді пайдаланамыз. Тек соңғы үш жылдың ішінде ғана “қадамдық қолжетімділік” қағидатын сақтай отырып, Қарағанды мен Теміртаудың халық тығыз орналасқан аудандарында алты емхана ашылды. Денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай әлеуетті жоспарын іске асыру жалғасуда. Жеке инвестицияларды тартумен қалаларда тағы жеті МСАК орталығын ашу жоспарланған. Ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде”, – деді баяндамашы.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл Ұлытау ауылында орталық аудандық аурухананың құрылысын бастау жоспарлануда. Алдағы екі жылда 32 елді мекенде модульдік ФАП пайда болуы тиіс. Біріншісі Нұра ауданының Кертінді ауылында салынбақ.

Өткен жылы аудандарда 10 денсаулық сақтау нысаны жөнделді. МЖӘ аясында Осакаров, Абай және Қарқаралы аудандарында гемодиализ орталықтары ашылды. Сондай-ақ қашықтықтан медицина дамып келеді, оның көмегімен шалғай ауылдардағы пациенттер жоғары білікті мамандардың консультацияларын ала алады.

Биыл бюджеттен ауылдық медициналық ұйымдар үшін жаңа жабдықтар сатып алуды қаржыландыру ұлғайтылды. Бұл бағытқа 3,2 млрд теңге бөлінді.

Аппараттық кеңесте кадр мәселесі де талқыланды. Мамандарды тарту үшін қызметтік тұрғын үй салынуда. Өткен жылы 159 медицина қызметкері жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған пәтерлерді алды. 2021-2022 жылдары жас дәрігерлерге 300-ден астам пәтер беру жоспарлануда.

“Кадр мәселесі өте маңызды. Жас мамандарды, әсіресе тапшы өңірлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарларымызды тағы да қайта қарау қажет. Біз дәрігерлердің өз қызметін кәсіби түрде жүзеге асырып, халықтың денсаулығын сақтаумен айналысуына жағдай жасайтын боламыз. Өткен жылы денсаулық сақтау бюджеті айтарлықтай өсті. Басқарманың медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі үш жылдық Жоспары бар”, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Статьи по теме

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button