Новости

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев белгілі онколог дәрігерді 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Бүгін Қарағандының беделді онкологы, профессор Валентина Сирота 70 жасқа толды. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы адамдардың өмірі үшін күресіп қана қоймай, болашақ медицина мамандарын тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Профессор онкология және сәулелік диагностика кафедрасында сабақ беріп, студенттер мен жас мамандарға тәжірибесін үйретуді жалғастыруда.

Мерейтой иесін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың атынан ресми түрде құттықтады. Құттықтау хатта профессордың онкология саласына және медициналық білім беру ісіне қосқан үлесі жоғары бағаланып, оған зор денсаулық пен табыстар тілеген жылы лебіздер жолданды.

– Сіз ондаған онкологтар мен ғалымдарды тәрбиеледіңіз, жетекшілігіңізбен диссертациялар қорғалып, жүздеген ғылыми мақала жарық көрді. Онкологиялық аурулармен күресте маңызды ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгіздіңіз. Шәкірттер мен емделушілердің алғысы – сіздің еңбегіңіздің нәтижесі, – делінген әкімнің құттықтауында.

Валентина Брониславовна – жоғары санатты онколог-хирург. Ол 300-ден астам ғылыми мақала жариялап, бірнеше өнертабысына патент алған. Сонымен қатар, республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға белсене қатысып келеді. Оның жетекшілігімен медицина ғылымдарының 11 кандидаты мен PhD докторлары дайындалған.

Көпжылдық жемісті еңбегі үшін профессор Сирота «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған және Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Қазіргі таңда да ол өзінің кәсіби қызметін белсенді жалғастырып, медициналық университетте студенттерге, ординаторлар мен аспиранттарға дәріс оқып келеді.

Статьи по теме

Back to top button