
Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі төмендеді
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға аз. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар аппараттық кеңесте мәлімдеді.
Биылғы жылдың басынан бері 23 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның ішінде 19 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмысқа орналасқандардың 7,5 мыңнан астамы – жастар.
– Жыл соңына дейін 48 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Жобалар мен бағдарламалар нәтижесі
Өңірде бірқатар мемлекеттік жобалар табысты іске асуда. Атап айтқанда:
-
«Алтын жас» жобасы аясында 400 зейнеткерді жұмыспен қамту жоспарланған болса, іс жүзінде 530 адам жұмысқа орналастырылды. Мемлекет мұндай қызметкерлердің жалақысының 50%-ын, бірақ 85 мың теңгеден аспайтын сомасын өтейді.
-
«Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 1,1 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 91 грант (жалпы сомасы 143 млн теңге) берілді. Тамыз айында бағдарламаның екінші кезеңі өтеді.
-
Әлеуметтік осал топтарға арналған жобалар аясында 134 азамат өз ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Мүгедектігі бар азаматтар мен жастар жұмыспен қамтылды
Жыл басынан бері 857 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды, олардың кейбірі үшін арнайы жабдықталған 14 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде 1329 студент пен жоғары сынып оқушысы уақытша жұмыспен қамтылды.
Цифрлық құралдар мен кәсіби бағдар
Өңірде кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған «Мансап компасы» онлайн-сервисы іске қосылды. Әлеуметтік осал топтарға арналған «Jumys Tap» жобасы аясында оқыту мен кеңес беру жүргізілуде. Бұдан бөлек:
-
490 адам қысқа мерзімді курстардан өтті;
-
2,5 мың адам SkillsEnbek платформасында онлайн білім алды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жұмыс орындарын құру – аймақ дамуының негізгі басымдығы.
– Әр қала мен ауданда жоспардың толық орындалуы маңызды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады, – деп атап өтті өңір басшысы.




