Новости

Қарағанды облысында жұмысшы мамандықтарды даярлауда үздіктер анықталды

Қарағанды облысында «Кәсіби маман» байқауының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл байқау жұмысшы мамандықтар жылына орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Шараның басты мақсаты – жұмысшы кадрларды даярлау ісіндегі озық тәжірибелерді анықтап, қолдау көрсету. Байқауға колледждер мен жұмыс беруші кәсіпорындар қатысып, олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылды.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірлік кезеңге кәсіпорындар, білім беру ұйымдары мен өндірістік тәлімгерлерден 10 өтінім келіп түскен. Арнайы құрылған комиссия үш түрлі номинация бойынша үздіктерді анықтады.

«Кадрларды даярлауға белсенді қатысатын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаз деп «Maker» ЖШС (Қарағанды құйма-механикалық зауыты) танылды. Бұл компания дуальды білім беру жүйесін табысты енгізіп, өңірдегі колледждермен тұрақты серіктестік орнатқан.

Аталған зауыттың қызметкері Александр Исупов «Өндірістегі үздік тәлімгер» аталымында үздік деп танылды.

Ал «Үздік серіктес колледж» номинациясында Қарағанды жоғары политехникалық колледжі жеңіске жетті. Оқу орны кәсіпорынмен тығыз байланыс орнатып, түрлі кәсіби байқауларға белсенді қатысып, студенттердің біліктілігін арттыруда жоғары нәтижелер көрсеткен.

Жеңімпаздар биыл күзде Астанада өтетін байқаудың республикалық кезеңінде Қарағанды облысының атынан қатысатын болады.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов байқаудың жұмысшы кадрларды сапалы даярлауға және бизнес пен білім беру жүйесінің тиімді әріптестігін дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тәжірибеге негізделген оқыту тәсілін дамыту бұрынғыдан да өзекті.

Облыста дуальды оқыту жүйесі қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда бұл модельге 39 колледж, 828 кәсіпорын және 289 сертификатталған өндірістік тәлімгер тартылған.

Статьи по теме

Back to top button