Новости

Қарағанды облысында заманауи футбол академиясының құрылысы басталды

Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер футболын өркендетуге бағытталған жаңа футбол академиясының құрылысы ресми түрде басталды. Бұл спорт нысаны өңірде бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әр облыс пен аудан орталығында, сонымен қатар ауылдық жерлерде заманауи футбол инфрақұрылымын дамыту қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2025 жылдың шілде айында Қарағанды облысының әкімдігі мен Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде өңірде жаңа футбол академиясы бой көтеретін болды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, аймақта бұқаралық спорт, оның ішінде футболға айрықша көңіл бөлінеді. Ол футболды тек жарыстар мен жетістіктер ғана емес, сонымен қатар тұлғаның әлеуетін ашатын құрал ретінде қарастыратынын атап өтті. Әкім жоба аясында мемлекеттік және жеке сектор күшін біріктіруге дайын екенін білдірді.

Ауқымды жобаны қаржыландыруды толықтай Freedom Holding Corp. өз мойнына алып отыр. Қарағанды қаласында академияның құрылысына 12 миллиард теңге бөлінеді. Бұл нысан «Шахтёр» футбол клубының болашақ ойыншыларын дайындайтын орталық базаға айналмақ.

Сонымен қатар, компания қосымша 6,5 миллиард теңгені өңірдегі бұқаралық футболды қолдауға бағыттайды. Бұл қаражатқа ауылдар мен қалаларда шағын футбол алаңдары салынып, мектептер мен балабақшаларда спорт бағдарламалары енгізіледі. Сондай-ақ әртүрлі турнирлер мен фестивальдер ұйымдастырылып, әйелдер және жасөспірімдер футболы дамытылады.

Алдын ала мәлімет бойынша, 2029 жылға дейін осы бастамаларға 40 мыңнан астам оқушы мен 3,6 мың студент қамтылады. Жоба 100-ден астам білім беру мекемесінде іске асырылады. Сонымен бірге жаттықтырушыларды даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынады.

Академия 9,6 гектар жерге салынады, ал құрылыс нысандарының жалпы ауданы 28 мың шаршы метрден асады. Жоба аясында келесідей инфрақұрылым салу жоспарланған:

  • 3 500 орындық стадион;

  • Жыл он екі ай жұмыс істейтін жабық манеж;

  • Жылыту жүйесімен жабдықталған толық өлшемді жаттығу алаңы;

  • Ұлдар мен қыздарға арналған интернат;

  • Жаттықтырушыларға арналған кеңселер;

  • Оқу сыныптары, медициналық бөлім, асхана, душ, сауна және бассейн кіретін әкімшілік кешені.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында топырақ қабаты алынып, аумақты жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасады және барлық құрылыс нормалары мен ережелері сақталады, дейді учаске басшысы Тахир Ходжамбердиев.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 32 мыңнан астам адам футболмен тұрақты айналысады, оның ішінде 10 мыңнан астамы ауылдық жерлердің тұрғындары. Өңірде 100-ден астам футбол командасы бар. Соңғы жылдары жеке инвестиция есебінен үш жабық манеж, ал бюджет қаражатына 161 футбол алаңы салынған. Тек өткен жылы төрт жаңа спорттық-сауықтыру кешені іске қосылды.

Статьи по теме

Back to top button