
Қарағанды облысында TED форматында республикалық семинар өтті
Қарағанды облысында қазақ тілін ғылым мен білім салаларында ілгерілетуге арналған TED стиліндегі «Ойталқы» атты республикалық семинар өтті. Бұл шараға еліміздің алдыңғы қатарлы ғалымдары, тіл саясаты саласының мамандары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинардың ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, қазақ тілінің ғылыми және білім кеңістігіндегі рөлін арттырудың маңызын атап өтті.
TED форматындағы бұл кездесуде қатысушылар еркін пікір алмасып, өз идеяларын, тәсілдерін және қазақ тілінің болашағына қатысты көзқарастарын ортаға салды.
Семинар жұмысына жергілікті атқарушы органдардың мамандары, білім беру орталықтарының басшылары, ғылыми және ІТ саласының өкілдері, сондай-ақ ұлттық компания қызметкерлері қатысты.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Ғылым тілінің әдіснамасын қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Қарағанды медицина университетінің профессоры Хабира Әбдіқадырова өз баяндамасында қазақ тіліндегі медициналық терминологияның дамуы мен оның болашағына тоқталды. Ал «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы Талғат Бектұр жасанды интеллектінің қазақ тілін дамытудағы рөлі туралы ой қозғады.
Панельдік пікірталас барысында мемлекеттік тілді ғылым, білім және цифрлық технологиялармен ұштастыру жолдары қарастырылып, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісті, сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Семинар кәсіби диалог пен әріптестікке негізделген алаң ретінде қазақ тілін заманауи талаптарға сай дамытуға арналған жаңа бағыттарды айқындауға сеп болды.
Іс-шара соңында мемлекеттік тілдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қатысушылар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттарына және Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттарына ие болды.

