Новости

Қарағанды облысында сирек жер металдарының алдын ала бағаланған қоры белгілі болды.

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында орналасқан Күйректікөл кен орны сирек кездесетін жер металдарының ірі көздерінің бірі саналады. Жақында бұл аумақта жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары аяқталып, кеннің болжамды қоры 28 миллион тоннаға жуық деп бағаланды. Бұл кен орнын игеру еліміздің пайдалы қазбаларды өндіру саласына жаңа серпін беруі мүмкін.

– Аймақтағы пайдалы қазбалар қоры шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырып отыр. Қазірдің өзінде бірқатар компания барлау жұмыстарын жүргізуде. Бұл минералдық-шикізат базасын кеңейтуге және сирек әрі қымбат металдарды өңдейтін жаңа кәсіпорындар құруға жол ашады. Мысалы, Күйректікөлде сирек жер элементтерінің барлау кезеңі аяқталды. Болжам бойынша, мұнда 28,2 миллион тонна қор бар. Сонымен қатар алтын, мыс және вольфрам кен орындарының да айтарлықтай әлеуеті бар, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жаңа зауыттар мен оларға қажетті инфрақұрылымды салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Әлібек Әлденей облыстың тау-кен және өңдеу өнеркәсібін дамытуда ұзақ мерзімді және келешегі зор әлеуетке ие екенін атап өтті.

Back to top button