
Қарағанды облысында металлургтерге арналған ерекше құрмет көрсетіліп, кәсіби мерекеге орай кең ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
Теміртау мен Балқаш қалалары үшін Металлургтер күні – ерекше маңызға ие мереке. Бұл шаһарлар еліміздің металлургия саласына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Теміртаудың орталық алаңында өткен мерекелік концертке он мыңдаған тұрғын жиналды. Qarmet компаниясының металлургтерімен бірге қала жұртшылығы қуанышты сәттермен бөлісті.
Салтанатты кеште Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Леонид Агутин, қазақстандық танымал әртістер V $ X V PRiNCE, Dequine, Алан Черкасов, RaiM және 6ELLUCCI дуэті өнер көрсетіп, көрермендерге жарқын көңіл-күй сыйлады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтап:
– Бұл мейрам – тек кәсіби емес, бүкілхалықтық мерекеге айналды. Теміртауда көптеген отбасының тағдыры металлургиямен тығыз байланысты. Сіздер – қаланың тірегі, сіздердің еңбектеріңіз – өңірдің тұрақтылығының кепілі, – деп атап өтті.
Дәстүр бойынша, мереке қарсаңында Qarmet компаниясында Құрмет тақтасы жаңартылып, бір жыл бойы үздік еңбек нәтижесін көрсеткен қызметкерлердің суреттері ілінді. Бұл – кәсібіне адал мамандардың еңбегін жоғары бағалау мен мойындаудың белгісі.
Мерекеге орай Temirtau Run 2025 атты кешкі жүгіру шарасы және салалық спартакиада өткізілді. Мыңдаған адам қатысып, металлург мамандығына деген алғысын білдірді. Қатысушылар 2,5 шақырымнан 10 шақырымға дейінгі аралықтағы түрлі қашықтықтарда жарысты.
Балқашта да мерекелік шаралар жоғары деңгейде өтті. Kazakhmys Smelting компаниясының қолдауымен өткен салтанатты кеште ADAM, Болат Құсаинов және әзілкеш Данияр Жұмаділов өнер көрсетті. Сондай-ақ балқаштық металлургтердің өздері сахнаға шығып, кәсіби әнұранын орындады.
«Жастар» саябағында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.
Айта кетейік, Қазақстанда Металлургтер күні дәстүрлі түрде шілденің үшінші жексенбісінде аталып өтеді.





