КультураНовости

Қарағанды облысында мемлекеттік тілдің дамуына қатысты маңызды мәселелер қарастырылды

Қарағандыда өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық форумында заманауи технологиялар мен әдістемелердің мемлекеттік тілді тиімді меңгеру мен тәжірибеде қолдануға қалай әсер ететіні талқыланды. Форум Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылып, оған лингвистер, ғалымдар, тіл жанашырлары, жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараны Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Форумның модераторы — Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Кездесу барысында қазақ тілін дамыту мәселелері, оның ішінде оқытудың жаңа тәсілдері, мемлекеттік тілді қолдану қажеттілігін арттыру, тілді үйретуге арналған IT-жобалар және қазақ тілінің қолдану аясын әртүрлі салада кеңейту жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, тіл үйретудегі инновациялық әдістемелер мен ақпараттық технологиялар таныстырылды.

Баяндамашылар қатарында — Назарбаев Университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі, ересектерге арналған қазақ тілі оқулықтарының авторы Айдар Балабек; Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Дана Оспанова; полиглот, «LinguaTen» тіл орталығының басшысы Владислав Тен және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері Айнұр Қалиева болды.

Форум соңында мемлекеттік тілдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар ұстаздар Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Back to top button