Новости

Қарағанды облысында мектеп бітіру кештері өтетін күндер анықталды

Қарағанды облысында соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінің мерзімі бекітілді. Соңғы қоңырау 23–24 мамыр күндері соғылып, мектеп бітіру кештері мемлекеттік емтихандар мен аттестат тапсыру рәсімінен кейін, 18–20 маусым аралығында өтеді.

Биыл өңірде 8 267 оқушы 11-сыныпты, ал 16 745 оқушы 9-сыныпты тәмамдайды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынысына сәйкес, оқу жылы 23 мамырда аяқталады. Осы күні мектептерде «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылады. Оқушыларға «Адал азамат» бағдарламасы негізінде адамгершілік пен патриоттық құндылықтарға бағытталған тәрбие беріледі.

Министрлік барлық оқушылар арасында «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптарында эссе байқауын өткізуді ұсынды. Үздік шығармалар сынып сағаттарында оқылып, авторлары марапатталады. Сонымен қатар, дәстүр бойынша сынып жетекшілері жазғы демалысқа арналған кітаптар тізімін таратып, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.

11-сынып оқушылары үшін соңғы қоңырау 23 немесе 24 мамырда педагогикалық кеңестің шешімімен өткізіледі. Мемлекеттік емтихандар 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, ал 11-сынып оқушылары үшін 30 мамырдан 16 маусымға дейін жүргізіледі. Аттестаттар тапсырылған соң мектептер бітіру кештерін өткізеді.

Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашеваның айтуынша, мектептерде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан ақша жинауға, аниматорлар мен агенттіктерді шақыруға, көлік жалдап, кортеж ұйымдастыруға тыйым салынады. Сонымен қатар, мұғалімдерге сыйлыққа ақша жинауға да қатаң тыйым салынған.

Бұдан бөлек, балабақша түлектері мен 4-сынып оқушылары үшін салтанатты шаралар өткізуге рұқсат етілмейді. Егер білім беру мекемелерінде тәртіп бұзушылықтар анықталса, заң аясында қатаң шаралар қолданылады.

Back to top button