Новости

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған білім алу мүмкіндіктері арттырылуда.

Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы және сапалы білім беру ортасын қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл жылдың соңына дейін Бұқар жырау ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылмақ. Ал 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларға арналған қолдау орталығы іске қосылады, сонымен қатар Қарағандыда ақыл-ойының дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды.

Облыстық білім басқармасының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықовтың сөзінше, қазір ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзету қызметтеріне қамтылған. Қамтуды одан әрі арттыру мақсатында арнайы білім беру мекемелерінің санын көбейту жұмыстары жүріп жатыр.

Жаңа оқу жылында Қарағанды қаласындағы №4 мектеп-интернатта ақыл-ойының жеңіл және орташа деңгейде бұзылған балаларға арналған төрт арнайы сынып ашылады. Сол сияқты №1 арнайы мектеп-интернатта да осындай сыныптар жұмыс істейді. 2026 жылы Қарағандыда ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған он бірінші арнайы мектеп-интернат ашу жоспарланған.

Облыста жыл сайын шамамен 400 балаға көмек көрсететін Аутизм орталығы бар, бірақ өңірде тағы бір осындай орталық қажет.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолжетімді әрі сапалы білім беру ортасын құру басты міндеттердің бірі екенін атап, биыл соңына дейін барлық білім беру мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға қажетті жағдай жасау тапсырылды. Сонымен қатар, 2026 жылы Теміртауда аутизмі бар балаларға арналған қолдау орталығы мен Қарағандыда арнайы мектеп-интернат ашу қажет екенін, Бұқар-Жырау ауданы әкімдігіне білім басқармасымен бірлесе отырып осы жылдың қарашасына дейін психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін іске қосуды жүктегенін мәлімдеді. Алдағы жылы мұндай шаралар облыстың барлық аймақтарында жүзеге асырылуы тиіс.

Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап облыстағы барлық арнайы мектеп-интернаттарға ресурстық орталық мәртебесі беріледі. Қазір инклюзияны қолдау бойынша екі облыстық ресурстық орталық жұмыс істесе, күзге қарай олардың саны он екіге жетеді.

Back to top button