
Қарағанды облысында Конституцияның 30 жылдығы мен Шахтер күніне дайындық қызу жүріп жатыр
Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған ауқымды мерекелік дайындық жүріп жатыр. Мерейтойдың басты оқиғасы — «Негізгі заңға 30 жыл: тәуелсіз мемлекеттің жоғары мәртебесі» атты облыстық форум болмақ. Жалпы жыл бойы 600-ден астам түрлі іс-шара жоспарланған.
Аталған форум 30 тамызда Әлихан Бөкейхан атындағы саябақта өтеді. Шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталып, мектеп түлектеріне облыс әкімінің гранттары табысталады. Мерекелік шаралар облыстың барлық өңірінде ұйымдастырылады.
Конституция күні қарсаңында әлеуметтік нысандар ашылады. 27 тамызда Абай мен Бұқар жырау аудандарында бес фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылады. 28 тамызда Абай ауданында көп балалы және әлеуметтік осал отбасыларға 30 пәтер мен 20 үйдің кілті табысталады. 29 тамызда Үштөбе ауылында 200 орындық мәдениет үйі, ал Шахтинскіде автокартодром ашылады.
Сондай-ақ өңірде «Конституцияға 30 жыл – 30 игі іс» акциясы жалғасуда. Игі бастама аясында көп балалы отбасыларға, аз қамтылған тұрғындар мен жалғыз басты зейнеткерлерге көмек көрсетіліп жатыр. Іс-шаралар елдегі әділеттілік қағидаттарын, заңға бағыну мәдениетін насихаттауға бағытталған.
Кәсіби мерекелер де назардан тыс қалмайды. Шахтер күніне орай Қарағанды, Шахтинск, Саран және Абай қалаларында отандық және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен 40-қа жуық мәдени шара ұйымдастырылады.
29 тамызда Шахтерлер мәдениет сарайында 40-тан астам шахтер түрлі марапаттарға ие болады. Шараға опера әншісі Дамир Садуақасов пен ресейлік эстрада жұлдызы Владимир Кузьмин қатысады.
30 тамыз күні сағат 18:00-де Қарағандыдағы Тәуелсіздік алаңында үлкен концерт өтеді. Онда AYAU, Sadraddin, «Ирина Кайратовна» тобы мен Zivert сынды танымал өнерпаздар өнер көрсетеді. Концерттен кейін тұрғындарды қоғамдық көлікпен тасымалдау ұйымдастырылады.
Мереке кезінде қауіпсіздік мақсатында Бұқар жырау даңғылы (ЦУМ мен Назарбаев даңғылы аралығы) және Әлиханов көшесі (Ерубаевтан Бұқар жырауға дейін) уақытша жабылады.
Мерекелік бағдарлама 31 тамызда Қарағанды Орталық саябағында жалғасады. Бұл күні «Ән айтамын, Қарағанды!» вокалдық байқауы, «Ерекше екі жұлдыз» инклюзивті фестивалі және «Қарағандылық вернисаж» арт-жобасы өтеді.
Сонымен қатар 31 тамызда бірнеше қалада концерттер ұйымдастырылады:
-
Шахтинскіде — сағат 15:00, әкімдік алдындағы алаңда;
-
Саранда — сағат 18:00, «Сұңқар» стадионында;
-
Абайда — сағат 18:00, қалалық саябақта.
Концерттерге Айқын Төлепберген, ALEM және Мақпал Исабекова қатысады. Шаралар мерекелік отшашумен аяқталады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қала және аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына барлық шаралардың сапалы әрі уақытылы өтуін қатаң бақылауды тапсырды.
— Әсіресе отандық және шетелдік әртістер қатысатын концерттерге мұқият дайындалу керек. Қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс. Басты мақсатымыз – тұрғындар мен қонақтардың мерекені тыныш әрі көңілді өткізуіне жағдай жасау, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар халық көп жиналатын орындарда жоғалған балаларға арналған арнайы көмек пункттері жұмыс істейтін болады.


