
Қарағанды облысында Кеншілер күні кең көлемде тойланды
Қарағандыдағы Тәуелсіздік алаңында Qarmet компаниясының бастамасымен өткен мерекелік концертке 120 мыңнан астам адам жиналды. Эстрада жұлдыздары AYAU, Sadraddin, «Ирина Кайратовна», Zivert сынды танымал әртістер өнер көрсетті. Шараға Қарағанды тұрғындарымен қатар, еліміздің басқа аймақтарынан келген қонақтар да қатысты.

Мерекені ұйымдастырушылар ерекше қажеттіліктері бар көрермендерді де ескеріп, концертке ым-ишара тілінің аудармасын қосты. Аудармашы Айдана Жапарова әндердің мәнін эмоциямен жеткізіп, көрермендерге жарқын әсер сыйлады.
Кеш соңында аспанды безендірген әсем отшашу жиналған жұртты ерекше әсерге бөледі.
Кеншілер күніне орай Кеншілер мәдениет сарайында салтанатты жиналыс өтіп, үздік қызметкерлер мемлекеттік наградалармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл – кеншілердің ел экономикасына қосқан өлшеусіз үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Қарағанды қаласы
31 тамыз күні Қарағанды қаласы толықтай мерекелік көңіл-күйге бөленді. Таңертеңнен кешке дейін орталық саябақта түрлі байқаулар, концерттер мен фестивальдер өтті. Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау секілді қала аудандарында да мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Саран қаласы
Саранда өткен концертке 7 мыңнан астам адам жиналды. Айқын Төлепберген, ALEМ, Мақпал Исабекова сынды танымал әншілер сахнаға шықты. Сонымен қатар Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен жергілікті шығармашылық ұжымдар да өнер көрсетті. Шара отшашумен аяқталды.
Шахтинск қаласы
5 мыңнан астам адам қатысқан Шахтинсктегі мереке жәрмеңкемен басталды. Қазақ күресі, гір көтеру, армрестлинг, арқан тарту, күштік экстрим және футбол турнирлері өтті. Шахан ипподромында бәйгелер ұйымдастырылды. Қалада шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, кеш гала-концерт және отшашумен қорытындыланды.
Абай қаласы
Абай қаласында да Кеншілер күні ерекше атап өтілді. Балалар өнер көрсетіп, түрлі шеберлік сабақтары өтті. Тартысты жарыстар – тартылу, армрестлинг пен арқан тарту ұйымдастырылды. Концертке 3 мыңнан астам адам жиналды. Мереке соңында аспанды әсем отшашу жарқыратты.
Құттықтаулар мен тілек
Кеншілерді кәсіби мерекелерімен қала әкімдері, «Qarmet» АҚ басқарма төрағасы Вадим Басин және Көмір департаментінің басшысы Жақан Мұхамеджанов құттықтады. Вадим Басин шахтерлердің ел дамуына қосып жатқан зор үлесін атап өтіп, барлық кеншілерге амандық, сәттілік және қауіпсіз еңбек тіледі.
Қорытынды
Qarmet ұйымдастырған бұл мереке бірнеше қала мен ұрпақты біріктіріп, кеншілердің қажырлы еңбегіне деген құрметті айқын көрсетті. Дәстүрлі түрде жаздың соңғы жексенбісінде тойланатын Кеншілер күні биыл 31 тамызға сәйкес келді.


